Францияда Temu және басқа маркетплейстердегі тауарларға қосымша салық енгізілді
Франция парламенті ультражылдам сән мен қытайлық маркетплейстердің экспансиясына қарсы бағытталған жаңа заң жобасын қабылдады. Енді Temu, Shein және AliExpress платформаларында сатылатын жаппай өндірістегі тауарларға қосымша салық салынады.
Астана, NEGE. Заң жобасын Франция парламенті 29 маусымда қабылдады. Құжат ультражылдам сәнмен күресуге бағытталған және екі негізгі критерийге негізделген: нарыққа шығарылатын киім көлемі мен бұйымды жөндеу құнының оның сатып алу бағасына қатынасы. Енді ірі көлемде өндірілген партияға кіретін әрбір тауарға қосымша салық салынады. Оның мөлшері өнімнің бағасы мен сипаттамаларына байланысты болады. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай бір тауарға салынатын салық 20 еуроға (23 доллар) дейін жетуі мүмкін. Алайда салық көлемі тауар бағасының 50 пайызынан аспауы тиіс. Жиналған қаражаттың бір бөлігі қалдықтарды жинау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.
Сауда министрі Серж Папен заң жобасы Temu, Shein және AliExpress секілді негізгі ойыншыларға қарсы бағытталатынын мәлімдеді.
«Үш жыл бұрын ешкім білмеген атаулар еді. Қазір Temu, Shein және AliExpress-ті Францияда бәрі айтып жүр», – деді ол.
Сондай-ақ ультражылдам сән саласында жұмыс істейтін компаниялар енді өзінің веб-сайттарында киімді ұқыпты тұтынуға, соның ішінде оны қайта пайдалану мен жөндеуге үндейтін хабарламалар орналастыруға міндеттеледі.
Сондай-ақ заңда әлеуметтік желілердегі инфлюенсерлер арқылы жарнаманы қоса алғанда, ультражылдам сәнді жарнамалауға тыйым салу шарасы қарастырылған. Дегенмен кейбір парламентарий бұл заңды жеткілікті қатаң емес деп бағалады. Олардың айтуынша, бастапқы нұсқада Shein, Temu және AliExpress сияқты онлайн-маркетплейстерге қойылатын талаптар әлдеқайда қатаң болған. Заң жобасын ұсынған Анн-Сесиль Виоллан бастапқы құжаттың жұмсартылуы шараларды «мүмкіндігінше тез қабылдап, қолданысқа енгізу» қажеттігімен түсіндірді.
«Біз өте қатаң шаралар қабылдап жатырмыз... Бұл – алғашқы қадам ғана», – деді ол AFP агенттігіне.
Еуроодақ сарапшыларының пікірінше, ультражылдам сән қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіреді: қоқыс полигондары қажетсіз киім-кешекке толып қалады, ал бұл әлемдік парниктік газдар шығарындыларының шамамен 10 пайызын құрайды.
Айта кетейік, Қазақстандағы кейбір депутаттар да қытайлық маркетплейстердің экспансиясын өзекті мәселе деп санайды. Атап айтқанда, шетелдік сауда алаңдары мен отандық сатушыларға түсетін салық жүктемесінің тең емес екені бірнеше рет айтылған болатын. Қазір шетелдік маркетплейстер тек қосымша құн салығына тең «Google салығын» ғана төлесе, қазақстандық кәсіпкерлер әлеуметтік аударымдарды, қосылған құн салығын және басқа да міндетті төлемдерді қоса алғанда, барлық салық түрлерін төлеуге мәжбүр.
Депутат Азат Перуашевтің пікірінше, бұл шетелдік сатушылар үшін тиімді жағдай қалыптастырып, отандық кәсіпкерлерді өте тиімсіз жағдайға қалдырады.
«Жеке өзім және «Ақ жол» демократиялық партиясы ұлттық бизнестің өкілдері ретінде, әрине, еркін нарықты қолдаймыз. Бірақ бәріне бірдей жағдай жасалған нарық болуы керек. Егер өз еліміздің аумағында, өз нарығымызда шетелдік компаниялар артықшылыққа ие болса, бұл, кешіріңіздер, еркін нарық емес. Бұл – кемсітушілік. Оның үстіне, өз кәсіпкерлерімізді өз нарығында кемсіту. Отандық кәсіпкерлерге тым құрығанда төлеп отырған салық жүктемесі бойынша тең жағдай жасаңыздар, содан кейін ғана тұтынушы үшін бәсекеге түсуге мүмкіндік беріңіздер. Ал бәсекелестерге әдейі тиімді жағдай жасалып, олар демпинг жүргізе алатын болса, мұндай жағдайда біздің кәсіпкерлердің құқығы шектеледі», – деді депутат.
Сондай-ақ Қазақстанда бажсыз тауар әкелу лимитін алып тастау мәселесі де ара-тұра көтеріліп келеді. Қазіргі уақытта құны 200 еуродан аспайтын тауарларды елге ешқандай салық төлемей әкелуге болады. Әзірге бұл ереже өзгеріссіз қалып отыр. Дегенмен 2026 жылғы 1 шілдеден бастап шетелдік маркетплейстерден тауар сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізілді.