Францияда аптап ыстықта көлікте қалған екі бала көз жұмды
Еуропаға қарай жылжып келе жатқан аптап ыстықтың салдарынан Францияда кемінде 18 адам қаза тапты, олардың арасында көлікте қалып қойған екі бала да бар.
Астана, NEGE. Францияның Карпантра қаласы прокурорының айтуынша, оқиға орнына келген құтқарушылар үйдің жанында тұрған отбасылық көліктің ішінен табылған 2 және 4 жастағы екі баланы аман алып қала алмаған, деп жазады Reuters.
Басылым дерегінше, дүйсенбі күні Еуропаның бірнеше қаласында ауа температурасы бойынша бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштері тіркелген.
Қатты ыстықтан Францияда кейбір мектептерде сабақтар уақытша тоқтатылса, Ұлыбританияның синоптиктері осы аптада маусым айына тән температуралық рекордтар жаңаруы мүмкін екенін болжап отыр.
Францияның батысындағы шарап өндірісімен танымал Бордо өңірінде ауа температурасы 41,9°C-қа дейін көтеріліп, өткен жылдың тамыз айында тіркелген рекордтан асып түсті.
Орталық Франциядағы Пуатье қаласында да температура 41,2°C-қа жетіп, 1947 жылғы ең жоғары көрсеткіштті жаңартты.
Лондон империялық колледжінің экстремалды ауа райы мен климаттық құбылыстар жөніндегі ғылыми қызметкері Клэр Барнстың айтуынша, Сахара шөлінен жылы ауа көтеріліп келе жатқандықтан, Еуропада аптап ыстық болып отыр. Бұл ауа массасы өте баяу қозғалады, соның салдарынан жел де, салқын самал да соқпай, жағдайды ушықтыра түскен.
Айта кетейік, Қазақстанның ірі үш қаласында да бүгін, 23 маусымда қатты ыстық болады деп болжанды. ТЖМ жариялаған болжамға сәйкес, Астанада күндіз ауа температурасы 35... 37°C, Алматыда күндіз 33... 35°C болады. Ал Шымкентте күн 37... 39°C-қа дейін көтеріледі.