Франция коронавирустан қаза тапқандар саны бойынша үшінші орында
Францияда бір тәулік ішінде коронавирусты жұқтырған он мыңға жуық адам анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алматы, NEGE. Бұл індет басталғалы ең жоғарғы көрсеткіш. Ал осы дерттен құрбан болғандар саны бойынша бұл ел Британия және Италиядан кейін Еуропада үшінші орынға шықты. Жалпы Францияда коронавирустан 30 мыңнан аса адам көз жұмды. Билік өкілдерінің пікірінше, індеттің қайта өршуіне жазғы демалыс кезінде халықтың босаңсуы себеп. Елдің Қауіпсіздік Кеңесі 42 департаментті қызыл аймаққа қосты. Бұл - бүкіл Франция аумағының тең жартысы. Осы санаттағы өңірлердің билігі бұқаралық шараларға тыйым салу және дүкендер мен мекемелердің жұмыс уақытын шектеу сияқты қосымша шаралар қабылдай алады. Қазір елде аптасына шамамаен бір миллион тест алынуда, алайды мұның өзі жеткіліксіз. Үкімет жақын арада санитарлық қызмет саласына тағы екі мың адам тартуға уәде берді. Олар ауруды жұқтырудың әр дерегін жіті тексеріп, науқаспен қарым-қатынаста болған адамдарды анықтайды. Сондай-ақ оларды оқшаулау мерзімі 14 күннен бір аптаға дейін қысқарды.
Франция премьер-министрі Жан Кастекс: «Марсель мен Бордо қалаларында және Гваделупа өңірінде ауруды жұқтыру саны күрт артты. Әсіресе егде жастағы кісілердің жағдайы мәз емес. Ауруханаларға жатқызылған науқастар саны да өсіп келеді. Алдағы үш аптада жан сақтау бөлімдеріндегі бос орындар санына болжам жасап, жауапты тұлғалардан вирустың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылдауын сұраймын» деді.