FlyArystan-ға жаңа басшы келді
FlyArystan әуе компаниясының президенті лауазымына Йохан Эйдхаген тағайындалды. Ол қызметіне 1 наурыздан бастап кіріседі.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Air Astana компаниялар тобының баспасөз қызметі хабарлады.
«Йохан Эйдхаген Ричард Леджердің орнына келеді. Ричард Леджер Air Astana тобында жаңа басшылық қызметке – серіктестіктер мен альянстар жөніндегі вице-президент лауазымына тағайындалады. China Southern Airlines және Air India әуе компанияларымен жуырда жасалған келісімдерді қоса алғанда, кодшерингтік серіктестіктер топтың халықаралық қызметін кеңейтуде маңызды рөл атқарады. Ричард осы бағыттағы мүмкіндіктерді дамытуға, өңірдің ірі нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге жауапты болады», – делінген хабарламада.
Компания мәліметінше, Йохан Эйдхаген FlyArystan компаниясына Wizz Air әуе компаниясынан ауысады. Онда ол бірқатар басшылық қызмет атқарған, соның ішінде соңғы уақытта Абу-Даби қаласында Wizz Air компаниясының басқарушы директоры болған.
Wizz Air құрамында ол кадрлар және ESG жөніндегі атқарушы директор, сондай-ақ маркетинг бойынша атқарушы директор лауазымдарын да иеленген. Wizz Air-ге келгенге дейін ол шамамен он бес жыл бойы Nokia компаниясында әртүрлі елдерде басшылық қызметтер атқарған.