Флорентино Перес Қайрат Боранбаевқа ерекше сыйлық жасады
«Қайрат» футбол клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Мадридте «Реал» президенті Флорентино Переспен кездесті. Бұл туралы ол Instagram парақшасында хабарлады.
Астана, NEGE. Қайрат Боранбаев Испания астанасына УЕФА-ның әлеуметтік және экологиялық тұрақтылық жөніндегі комитеті төрағасының екінші орынбасары ретінде жұмыс сапарымен барған. Ол сапар барысында «Реал» мен «Сельта» арасындағы матчты да тамашалаған.
Кәсіпкердің айтуынша, былтыр «Реал Мадрид» Алматыға келгенімен, клуб президенті Флорентино Перес командамен бірге келе алмаған. Сондықтан бұл жолы Перес Боранбаевты Мадридте қонаққа шақырған.
Кездесу барысында Перес Боранбаевқа «KAIRAT 1» деген жазуы бар футбол жейдесін сыйлаған.
«Мұндағы бірінші нөмір кім екенін білмеймін: мен бе, әлде «Қайрат» футбол клубы ма? Меніңше, екіншісі», – деп әзілдеді ол сыйға алған жейдесі туралы.
Боранбаев «Қайраттың» соңғы бір жылдағы жетістіктеріне де тоқталды. Оның пікірінше, алматылық команданың Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығуы мен Еуропада танылуы клуб академиясы мен жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Ол Флорентино Перестің қазақстандық клуб туралы жылы пікір білдіргенін атап өтті.
Айта кетейік, 2024 және 2025 жылдары чемпиондықты жеңіп алған «Қайрат» биыл бұл жетістігін қайталай алмады. Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанды.