Филармонияның экс-басшысы ойыншық тапаншамен ақша айырбастау орнын тонаған

Алматыда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бұрынғы басшысы, 68 жастағы Аян Сұлтанғалиев ақша айырбастау орнын тонағаны үшін бес жылға шартты түрде сотталды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды.

КТК сюжетінен үзінді

Астана, NEGE. Оның мәліметінше, Сұлтанғалиев немересінің ойыншық тапаншасын алып, ақша айырбастау орнына барған. Кассирге тапанша кезеніп, 10 мың доллар талап еткен. Ақшаны алған соң асықпай үйіне қайтқан. Полиция бейнебақылау жазбалары арқылы оның кім екенін анықтап, ұстаған.

Алғашында іс қарақшылық бойынша тергелген. Кейін айып өзгертіліп, Сұлтанғалиевке қызметтік бөлмеге кіріп, ірі көлемде тонау айыбы тағылған.

Бұған дейін де Сұлтанғалиев сотталған. 2011 жылы филармония қаржысын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, 5,5 жыл шартты жаза алған.

Бұл жолы судья Ернар Қасымбеков оған бес жыл шартты жаза тағайындаған. Ал ойыншық тапаншаны жоюға бұйрық берген.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.