ФИФА Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға 250 мың доллар бөлді

ФИФА бөлген 250 мың доллар немесе 114,6 млн теңге балалар-жасөспірімдер футболын дамытуға және мамандарды даярлауға бағытталған негізгі бастамаларды іске асыруға жұмсалмақ.

magnific.com

Астана, NEGE. Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша, ұйым Федерацияның 2026 жылға арналған FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы аясындағы жобалық өтінімін ресми түрде мақұлдаған.

Бөлінген гранттың жартысы әлеуеті жоғары жас ойыншыларды іздеу және іріктеуге бағытталған «Болашақ чемпиондар» ауқымды жобасына бағытталады. Бапкерлер мен скауттарға арналған оқыту семинарларын ұйымдастыруға 50 мың доллар қарастырылған.

Тағы 50 мың доллар бағдарламаны басқаруға байланысты операциялық шығындарды (FIFA Operations Project) жабуға жұмсалады. Ал қалған 25 мың доллар балаларды қорғау стандарттарын енгізуге және бағдарлама қатысушыларына психологиялық қолдау көрсетуге бағытталмақ.

Айта кетейік, FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы ұлттық қауымдастықтарға бүкіл әлем бойынша жас футбол таланттарын іздеу, дамыту және қолдау бағыттарында жан-жақты көмек көрсету мақсатында құрылған.