FIFA 4,2 млрд долларлық жобаға байланысты кешірім сұрады
FIFA басшылығы FIFA Forward Enterprise жобасын әзірлеу кезінде жіберілген қателіктерді мойындап, ұлттық футбол федерацияларынан кешірім сұрады.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Рабат қаласында өткен кездесу қорытындысында хабарланды.
FIFA коммерциялық құқықтар мен турнирлерді, соның ішінде әлем чемпионаттарын өткізуді басқаратын жеке компания құруды жоспарлаған. Жеке инвесторларға компанияның миноритарлық үлесін сату арқылы 4,2 млрд долларға дейін қаражат тарту көзделген. Бұл қаржы футболды дамытуға және 211 ұлттық федерацияны қаржыландыруға жұмсалуы тиіс еді.
Алайда жоба қатаң сынға ұшырады. UEFA өкілдері «футболдың жаны сатылатын активке айналмауы керек» деп мәлімдеп, FIFA жобаны ұлттық және өңірлік федерациялармен жеткілікті деңгейде талқыламағанын мәлімдеді. UEFA мен өзге де футбол ұйымдарының наразылығынан кейін бұл жобадан бас тартылды.
«Біз жобаны дайындау барысында қателіктер жіберілгенін мойындаймыз. Бұл процесті өзгеше ұйымдастыру қажет еді, ал FIFA кеңесі мен ұлттық федерациялар өздерін талқылаудан шет қалғандай сезінбеуі тиіс болатын. Сондай-ақ жоба туралы ақпарат БАҚ-қа шыққаннан кейін де қателіктерге жол берілді», – делінген FIFA мәлімдемесінде.
Бұл ретте кездесуге қатысушылар FIFA президенті Джанни Инфантиноға қолдау білдірді. Ұйым өкілдері барлық әрекет FIFA-ның ішкі ережелеріне сәйкес іске асырылғанын да атап өтті.