Фельдшердің өлімі: сарапшы үйдің фасадының құлауына жобалық қателік себеп болғанын айтты

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сот-құрылыс-техникалық сараптамасына рецензия жасаған сарапшы Вероника Лобаева фасады опырылған тоғыз қабатты үй бес қабатты ғимаратқа арналған конструктивтік шешіммен салынғанын анықтады. 

NEGE/ҚР Жоғары соты

Астана, NEGE. Лобаева сотта ғимараттың сыртқы қабырғаларына қолданылған D69 конструктивтік торабы 2.138 сериясына жататынын айтты. Оның сөзінше, бұл шешім бес қабатқа дейінгі ғимараттарға арналған. Алайда аталған нысан тоғыз қабатты, оған қоса техникалық қабаты бар ғимарат ретінде салынған.

«D69 торабы тек бес қабатты ғимараттарға қолдануға есептелген. Оны тоғыз қабатты ғимаратқа қолдануға болмайды, себебі бұл типтік шешімде мұндай биіктікке арналған ешқандай күшейту қарастырылмаған. Мұнда армобелдеулер де, қосымша түсіру белдеулері де жоқ. Сондықтан бес қабатқа арналған конструктивтік шешім тоғыз қабатты ғимаратта қолданылған», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, ғимараттың биіктігі ұлғайтылғанымен, сыртқы қабырғалардың орнықтылығын қамтамасыз ететін қосымша инженерлік есептер мен конструктивтік күшейту болмаған.

«Сарапшылардың қорытындысында да ұлғайған жүктемелерді ескеретін есептік деректер жоқ екені көрсетілген. Бес қабатты ғимаратқа арналған торап тоғыз қабатты нысанда қолданылғандықтан, жүктеме іс жүзінде екі есеге артқан», – деп түсіндірді ол.

Сарапшы нысанда монолитті армобелдеулердің, көлденең түсіру белдеулерінің және фасад қаптамасын ғимараттың негізгі қаңқасына бекітетін анкеровканың болмағанын да айтты. Бұл элементтердің болмауы тоғыз қабатты ғимараттың кеңістіктік қаттылығына және сыртқы қабырғалардың орнықтылығына әсер еткен.

Сонымен қатар кірпіш қалау кезінде М-25 маркалы әлсіз ерітінді қолданылған. Лобаева мұндай ерітіндінің көтергіш конструкцияларға арналмағанын атап өтті.

«М-25 маркалы ерітінді ғимараттың көтергіш конструкцияларына қолданылмайды. Бұл – өте әлсіз ерітінді, оның қажетті беріктік қоры жоқ. Сонымен қатар кірпіш қалауда жіктердің толық толтырылмауы, арматуралық торлардың болмауы және басқа да ақаулар анықталған», – деді ол.

Маман фасадтағы жарықтарды опырылудың бастапқы себебі деп санамайды. Оның пікірінше, жарықтар мен басқа да құрылыс ақаулары ғимараттың жобалық шешіміндегі негізгі кемшілікті күшейткен.

«Фасадтағы жарықтар – бастапқы себеп емес, салдар деп есептеймін. Жобадағы сәйкессіздіктер уақыт өте іске қосылатын мина секілді болған. Ал оларды құрылыс кезінде жіберілген ақаулар одан әрі күшейтті. Армобелдеулердің болмауы, анкеровканың жоқтығы, әлсіз ерітінді, жіктердің толық толтырылмауы және сынған кірпіштің қолданылуының бәрі кешенді түрде рөл атқарды. Бірақ түпкі себеп – жобалық шешімнің ғимараттың нақты қабат санына сәйкес келмеуі», – деді сарапшы.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы көпқабатты үйдің фасады опырылып, бес адам зардап шеккен болатын.

Оқиға орнына көмекке келген фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне кондиционер құлап, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Алайда медицина қызметкері алған жарақатынан 18 қарашада қайтыс болды.

Қылмыстық іс бойынша ОСИ төрайымы Сәуле Жұбаниязова сот алдында жауап беріп жатыр. Ол қаптамасы опырылып түскен үйді басқарған. Жұбаниязова өз кінәсін мойындамады.