Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өлімі: МБИ басшысына қандай айып тағылды?
Астанада 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін жариялады. Прокуратураның мәліметінше, үй қасбетіндегі ақаулар уақытында анықталып, тиісті шаралар қабылданғанда, қайғылы жағдайдың алдын алуға болатын еді.
Астана, NEGE. Сотта МБИ «Тәуелсіздік 24Б» төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша басқару функцияларын атқаратын адамның өз міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соғу бойынша айып тағылған.
Үйдің техникалық жағдайы туралы не белгілі болды?
Прокурордың мәліметінше, 2005 жылы пайдалануға берілген көпқабатты үйге 2017 жылы «Астана Құрылыс сервис» ЖШС техникалық тексеру жүргізген. Оның қорытындысына сәйкес, ғимараттың жалпы физикалық тозу деңгейі 31%-ды құраған. Сонымен қатар, үйдің жалпы техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланғанымен, мамандар қасбетті, цокольді және шатырды жөндеу қажеттігін көрсеткен. Сондай-ақ баспалдақ алаңдары мен инженерлік коммуникацияларды қалпына келтіру жұмыстары қажет болған.
Айыпталушы Сәуле Жұбаниязова 2025 жылғы 12 мамырда МБИ төрайымы болып сайланған. Прокуратураның мәліметінше, Сәуле Жұбаниязова бұл техникалық қорытындыдан және үйдің ортақ мүлкінің жағдайын бақылау қажеттігінен хабардар болса да, 8 қарашаға дейін қасбетті тиісті түрде визуалды тексеру, қажетті техникалық зерттеу жүргізу және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырмаған.
Қасбет не себепті опырылды?
Сот-құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, қасбеттің құлауы кенеттен болған жағдай емес.
Алдымен қабырға мен қаптама түйіскен жерлерде жарықтар пайда болып, уақыт өте келе үлкейген. Соның салдарынан кірпіш қабаттарының тұтастығы бұзылып, саңылаулар мен деформациялар көбейген. Ылғалдың сіңуі және оның қатуы қаптама қабатының негізгі қабырғамен байланысын әлсіреткен.
Осының салдарынан қасбеттің жекелеген бөлігі тұрақтылығын жоғалтқан.
«Сараптама қорытындысына сәйкес, анықталған зақымдардың сипаты бұған дейін ешқандай белгі болмаған кенеттен болған қирауды көрсетпеген. Ақаулар ұзақ уақыт бойы қалыптасқан және оларды ортақ мүліктің техникалық жағдайына тиісті визуалды тексеру жүргізу кезінде анықтап, кейін оларды жою бойынша шаралар қабылдауға болатын еді», – деді айыптаушы сотта.
Прокуратура МБИ төрайымын не үшін айыптап отыр?
2025 жылғы 8 қарашада сағат 10:40 шамасында үй қасбетіндегі кірпіш қаптаманың бір бөлігі опырылып, бірнеше адам зардап шекті.
Жангелді Калиев пен Айнұр Нұрпейісова бас-ми жарақатын алып, бірнеше сүйегі сынған. Олардың денсаулығына ауыр зиян келтірілді. Гүлнар Қалиева орташа ауырлықтағы жарақат алды.
Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды. Зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде фельдшер Дильназ Байзакова жеңіл жарақат алды. Осы сәтте қасбеттің тағы бір бөлігі опырылып, фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне құлады.
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Ұлдана Мырзуан алған жарақаттар өміріне қауіп төндірген ауыр дене жарақаты ретінде бағаланған және оның өліміне тікелей себеп болған.
«Жұбаниязованың әрекетсіздігі қасбеттің техникалық жағдайына тиісті бақылау жүргізбеуінен, қажетті визуалды тексерулерді ұйымдастырмауынан, апатты және қауіпті учаскелерді уақытылы анықтау бойынша шаралар қабылдамауынан, сондай-ақ қажетті техникалық тексеру мен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын бастамауынан көрініс тапқан. Соның салдарынан қаптама қабаты опырылып, Мырзуанның өліміне, Калиев пен Нұрпейісоваға денсаулыққа ауыр зиян, ал Калиеваға орташа ауырлықтағы зиян келтірілуіне әкеп соққан», – деді айыптаушы сотта.
Айыпталушы Сәуле Жұбаниязова тағылған айыппен келіспейді.
Айта кетейік, күні кеше Астанада Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты ашық сот отырысы өтті. Сот барысында Мырзуанның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел соттан жәбірленуші мәртебесінен бас тарту туралы шешімін қанағаттандыруын сұрады. Алайда, Әділет Зейнелден жауап алу жоспарланғандықтан, сот оның өтінішін қанағаттандырмады.