ФБР Қытай қосымшаларын қолданбауға шақырды: БАҚ-та Temu, SHEIN және басқалары аталды

АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы америкалықтарға танымал қытайлық қосымшаларды қолданбауға және оларды жүктеуден бас тартуға шақырған ресми мәлімдеме жариялады.

Temu

Астана, NEGE. Бұған жеке деректердің заңсыз жиналу қаупі себеп болып отыр. Федералдық тергеу бюросы (ФБР) нақты қандай қосымшалар екенін атамағанымен, БАҚ-та жарияланған мәліметтерге қарағанда, ұсынылмайтын қосымшалар қатарында Temu, SHEIN, CapCut, Lemon8 және басқа қосымшалар бар.

Ресми ескерту Федералдық тергеу бюросының киберқылмыстарға қатысты шағымдарды қабылдау орталығының сайтында 31 наурыз күні жарияланған. Құжатта Қытай компаниялары қолдайтын танымал қосымшалар пайдаланушылардың жеке деректерін заңсыз жинауы мүмкін екені, тіпті құрылғыларға қашықтан зиянды бағдарламалар орнатуы ықтимал екені айтылған. Сонымен қатар киберқауіпсіздік мамандарының пікірінше, достарды шақыру немесе реферальды сілтемелер жіберу функциясы бар қосымшалар байланыс тізімдеріне қол жеткізе алады.

«Қытайдағы цифрлық инфрақұрылымды қолдайтын қосымшалар елдің ұлттық қауіпсіздік туралы кең ауқымды заңдарына бағынады, бұл қытай үкіметіне мобильді қосымшалар пайдаланушыларының деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін», – делінген мәтінде.

Сондай-ақ Федералдық тергеу бюросы қытайлық қосымшалар қолданушы келісімінде көрсетілгеннен де көп дерек жинауы мүмкін екенін атап өтті. Мұны жанама түрде батареяның тез таусылуы, мобильді деректерді қолданудың күрт артуы немесе қосымшаларды орнатқаннан кейін аккаунттағы рұқсат етілмеген белсенділіктен байқауға болады. Мұндай белгілер деректердің фондық режимде жиналып жатқанын көрсетеді.

Бюро пайдаланушыларды қажетсіз деректер алмасуды шектеуге, қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеуге және мобильді платформаларға берілген рұқсаттарды үнемі тексеріп отыруға шақырды.

Айта кетейік, Temu арқылы жеке деректер заңсыз жиналуы және үшінші тараптарға берілуі мүмкін деген күдік туралы қазақстандық БАҚ 2025 жылдан бастап жаза бастады. Маркетплейс пайдаланушылар туралы геолокациядан бастап сатып алу әдеттеріне дейінгі үлкен көлемдегі деректерді жинайтыны хабарланған.

Temu-дың Қазақстандағы өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарып, қосымша тек «қажетті минималды ақпаратты» ғана жинайтынын және деректерді үшінші тұлғаларға бермейтінін мәлімдеді.

Соған қарамастан, күмән сейілген жоқ. Оны жаңа деректер күшейтіп отыр. Мысалы, 2025 жылы америкалық Grizzly Research зерттеу компаниясы Temu қосымшасына толық тексеру жүргізіп, есеп жариялады. Онда платформа «зиянды және тыңшылық бағдарламалардың ең агрессивті түрлеріне тән барлық белгіге ие» деп көрсетілген. Сондай-ақ «қосымшада пайдаланушыларға хабарламастан, деректерді ауқымды түрде шығарып алуға мүмкіндік беретін жасырын функциялар бар және ол құрылғыдағы деректердің басым бөлігіне толық қолжетімділік беріп, үшінші тұлғаларға берілуі мүмкін» делінген.

Қазір оқып жатыр

Теннисші Зарина Диас спорттағы мансабын аяқтады

Молдова билігі Нұрлан Сабуровтың концертін өткізбеуге кеңес берді

Тоқаев пен Мирзиёев бейресми кездесу өткізеді

Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек тұңғыш сәбиін дүниеге әкелді