Face ID жүйесіне қарсы шыққандарды полиция алып кеткен: басқарма не дейді?
Астана әкімдігіне барып, балаларға Face ID енгізуге қарсылық білдірген 30-ға жуық адам полиция орталығына жеткізілді. Астана қаласының Білім басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Астана, NEGE. Білім басқармасының мәліметінше, 4 қараша күні Астана әкімдігіне QOSYMSHA бағдарламасы бойынша қызмет көрсететін 30-ға жуық адам жиналған. Олардың арасында жекеменшік білім беру орталықтарының, спорт клубтары мен шығармашылық студиялардың өкілдері бар. Олар балалардың сабаққа қатысуын Face ID арқылы растау талабына қарсы шыққан.
Білім басқармасы мен әкімдікке қарасты оқу-әдістемелік орталық өкілдері жиналған азаматтарға Face ID жүйесінің не үшін енгізіліп жатқанын, оны қолданудың заңдылығын және сабаққа қатысуды есепке алу тәртібін түсіндірді. Алайда жиналғандар наразылығын білдіруді жалғастырған.
«Жиналған азаматтар әңгімеден кейін де келіспейтіндерін білдіруді жалғастырып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері мән-жайды анықтау үшін азаматтарды Сарыарқа аудандық полиция басқармасына жеткізді. Бірқатар азаматқа ресми ескерту жасалды», – деп хабарлады ведомство.
Face ID не үшін енгізіліп жатыр?
Білім басқармасы жүйені енгізу бюджет қаражатының ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге, балалардың үйірмелер мен спорт секцияларына нақты қатысуын бақылауға және көрсетілмеген қызмет үшін ақы төлеу деректерінің алдын алуға бағытталғанын мәлімдеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, Face ID технологиясын қолдану балаларға қосымша білім беруге арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру жөніндегі пилоттық жобаның алгоритмінде және қосылу туралы шартта қарастырылған. Құжаттарда сабаққа қатысуды QR-код немесе биометриялық сәйкестендіру арқылы растау мүмкіндігі көзделеді.
Қазір Астанада жүйе екі жекеменшік қосымша білім беру ұйымында пилоттық режимде енгізілді. Басқарманың айтуынша, жабдықтар тегін берілген және оны сатып алуға бюджет қаражаты жұмсалмады. Сондай-ақ пилоттық жоба аясында ата-аналар мен балалардан ешқандай шағым түспеген.
Балалардың жеке және биометриялық деректерін жинау мен өңдеу «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң талаптарына сәйкес жүргізіледі деп сендірді басқарма.