Еуропа чемпионаты: Доп додасы қыза түсті
Футболдан Америка кубогына қарағанда UEFA өткізіп жатқан Еуропа біріншілігінің аты озып тұрағны рас. Аты ғана емес құрамалардың ойыны да шоу мен шуға толы өтуде.
Топтық кезеңде 24 команданың жан алысып, жан беріскен ойынын көрдік. Чемпионат ережесіне сай 16 құрама жоғары ұпаймен, топтан шықты. Әзірге біріншілік жайлы айтылар әңгіменің ең қызығы – плей-офф ойындары. Футбол мамандары TOP құрамалар топтан шықса да 1/8-ден аса алмады деп пікір білдіріп жатыр.
Әуелі Португалия, соңғы әлем чемпионы Франция, күміс жүлдегер болған хорваттар, артынша Германия құрамасы ширек финалға өте алмады. Есесіне Украина құрамасының Швецияны қапы қалдырғаны сенсацияға бергісіз оқиға болды. Сонымен басынан бастайық.
Топтан шыққан Уэльс пен Дания құрамасы Амстердам-арена стадионында кездесті. Каспер Дольберг 27-минутта есеп ашып, Дания жұлдызына айналды. Ойынның 48-минутында дубль жасап жанкүйерлерді сүйсінтті.
Уэльс қанша тырысса да даниялықтарға қа сорсы қауқарсыз болғанын көрдік. Ойын көрсеткіші бойынша айтарлықтай айырмашылық болмаса да, қорытынды 0:4 есебімен Дания пайдасына шешілді.
Италия-Австрия арасындағы кездесуде қақпаға 3 гол салынды. Мамандар алдын-ала Италияның жеңетінін айтқан. 90 минут ішінде қос құрама шабуылшылары қарсылас қақпасынан саңылау таба алмай, ойын экстра таймға ұласты. 95-минутта ғана италиялық шабуылшы, ювентустың жас жұлдызы Федерико Кьеза есеп ашып кетті. Осылайша ойын қыза түсті.
Нидерланд-Чехия арасындағы ойын да айтарлықтай қызықты өтті. Әуелде басымды Нидерланд құрамасына берілді. Ойынның 68 және 80-минуттарында екі бірдей гол салған Чехия қарсыластарын жолда қалдырды.
Осы біріншіліктің ең қызықты ойыны Бельгия-Португалия құрамалары арасында өтті. 2018 жылғы әлем чемпионатында қызыл сойқандар талайды тәнті еткен-ді. Биыл да бабында екен. Осы біріншіліктің фавориті, әрі өткен еуропа чемионатының чемпионы Португалия құрамасының аяғын тұсаулап тастады. 42 минутта Торган Азар есеп ашып, одан кейін қорғанысты мықтап ұстады. Қақпаға 23 соққы бағыттаған португалдықтар еш саңылау таба алмай қойды. Әлемдік футболдың аңызына айналып үлгерген сұрмерген Криштиану Роналдудың өзі тепкен добын дарыта алмай әлек болды.
Ең көп гол салынған, жанкүйерлердің тамаша сейфтарға куә болған Хорватия-Испания матчы. Негізгі және экстра-таймда 8 гол қақпадан табылды. Оның алғашқысы автогол. 20 минутта Испания қақпашысы Унаи Симон өз қақпасына автогол жіберіп алды. Одан кейін ойынның 38, 57, 77 минуттарында испандықтар үш бірдей гол салды. Мәскеудегі мундиальда финалға шыққа хорваттықтар жанкешті ойынымен есте қалған-ды. Бұл кездесуде де солай болды.
Осы біріншілікте Швейцария айды аспаннан бір-ақ шығарды. Доп додаларының фавориті, әлемдік футбол ойындарының аңызына айналған Франция құрамасын жолда қалдырды. Алғашқы 45-минутта Швейцария есеп ашты. Екінші тайм бастала салысымен Дидье Дешам шәкірттері Швейцарияның айып алаңында қауіпті шабуылдар ұйымдастыра бастады. 57 және 59 минутта Карим Бензема дубль жасап құраманы алға шығарды. 75-минутта Погба қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Осылайша Француз құрамасының жанкүйерлері арқаны кеңге салып, тойлатуды бастап кетті.
Ағылшын құрамасы мен Германияның ойыны тым сүреңсіз өтті. Қос қақпаға небәрі 14 соққы бақытталған. Ойынның 75 минутында Рахим Стерлинг есеп ашса, 86-минутта Харри Кейн екінші голды соқты. Германия құрамасы қақпаға тек 5 рет доп тебуге мүмкіндік алып, оның өзін мүлт жіберді.
1/8 кезеңнің соңғы матчы Швеция-Украина құрамалары арасында өтті. Экстра-таймның соңғы минуттарында Украина ширек финалға жолдаманы жеңіп алды. Бұл ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Украинаның ширек финалдағы қарсыласы – Ағылшын құрамасы. Ағылшындардың Германияға қарсы өткізген ойынына қарап бағамдасақ, Украинамен тең түсуі әбден мүмкін. Егер ойын финальти сериясына жетіп жатса Украина айды аспаннан бір-ақ шығарып жартылай финалға жолдама алып кетуі ғажап емес. Бұл ойынды футбол жанкүйерлері осы аптаның жексенбі күні тамашалай алады.
Ширек финалдың алғашқы ойыны бүгін Швейцария-Испания, Бельгия-Италия құрамалары арасында болмақ. Ертең Чехия-Дания кездеседі.
Сонымен жартылай финалды кім ойнауы мүмкін? Швейцарияға Францияға қарсы ойынды сәттілік көмек етті. Испандар мұндай қателікке бой алдырмасы анық. Сондықтан жартылай финалдың бір құрамасы белгілі. Бельгия құрамасының ойын өрнегі екі қадам алға, бір қадам артқа дегенге саяды. Егер қызыл сойқандар бірінші болып гол салып алса, олардың қорғанысын бұзу италиялықтарға оңаайға соқпас. Барлығын осы алғашқы гол шешеді. Чехия-Дания ойынына еш баға бере алмаймыз. Бұл жәй ғана біздің болжам. Не де болса, әліптің артын бағалық.