Еуроодақ заңсыз мигранттарды Қазақстанға жіберуі мүмкін бе: СІМ жауап берді
Сыртқы істер министрлігі «Қазақстанға босқындарды немесе үшінші мемлекеттерден депортацияланған заңсыз мигранттарды орналастыру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр» деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
Астана, NEGE. Ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың түсіндіруінше, визалық режимді жеңілдету мен реадмиссия мәселелері құқықтық тұрғыдан бір-бірінен тәуелсіз, жеке бағыттар.
«Қазақстан тарапы Еуропалық одақпен немесе оның мүше мемлекеттерімен Қазақстан аумағында Қазақстан Республикасының азаматтары болып саналмайтын, еуропалық елдерден қайтарылуға немесе депортациялануға жататын адамдарды қабылдау, ұстау, транзиттеу немесе орналастыру орталықтарын құру жөнінде келіссөздер жүргізген жоқ», – деді ол.
Еске салсақ, 17 маусымда Еуропарламент Еуроодақтан баспана сұрау өтініші қабылданбаған, бірақ өз отандары оларды қабылдаудан бас тартқандықтан, еліне қайтару мүмкін болмай отырған заңсыз мигранттарды үшінші елдерге депортациялаудың жаңа тәртібін мақұлдады.
Құжат бойынша мұндай адамдарды үшінші елдерде орналастыратын арнайы орталықтарға жіберу көзделген. «Қайтару хабтары» құрылатын ықтимал елдердің қатарында Африка елдері, Қазақстан және Өзбекстан аталған болатын.