Euronews арнасы қазақ тілінде жаңалық таратады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдап, әлемдегі жетекші телеарнаның қазақ тілінде жаңалық таратуын «өзара тиімді ықпалдастықтың жарқын көрінісі» деп атады.
Астана, NEGE. Педро Варгас Давид медиа желінің қолданысына Орталық Азия халықтарының арасынан алғаш рет қазақ тілі енгенін мәлімдеді, деп хабарлады Ақорда.
Өз кезегінде Президент Euronews-тің оқиғаларды бейтарап жариялап, көрерменге сенімді ақпарат ұсынатын жаһандағы маңдайалды медиа ресурс ретінде танылғанын атап өтті.
Оның айтуынша, телеарна 2024 жылы Астанада өңірлік кеңсесін ашқан сәттен бастап, Қазақстан мен Орталық Азияның саяси, экономикалық және мәдени тыныс-тіршілігі жайында көбірек хабар тарата бастады.
Кездесу барысында Тоқаев пен Euronews басшысы аймақты жаһандық ақпарат кеңістігіне шығарып, Қазақстанның жетістіктерін халықаралық қоғамдастыққа кеңінен таныстыруға мүмкіндік беретін бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.