Этнограф: Аралас некеден қорықпай, сапалы ұлт болуды ойлау керек
Этнограф, профессор Жамбыл Артықбаев аралас неке және ұлттық бірегейлік туралы әлеуметтік желіде пікір білдірді. Бұған соңғы күндері қазақстандықтар қызу талқылаған Лондондағы той себеп болған.
Астана, NEGE. Әңгіме бұрынғы «Қазатомөнеркәсіп» басшысы Мұхтар Жәкішевтің қызы Алтынай Жәкішеваның Лондонда шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққаны туралы ақпараттан кейін өрбіді. Неке қию рәсімі 9 мамырда Лондонда жақындарының қатысуымен өткен. Алтынай Жәкішева Лондонда тұрады және модельдік кәсіппен айналысады.
Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, қоғамда шетелде оқып, жұмыс істеп жүрген жастарға қуанып, ал олардың шетелдік азаматпен отбасын құрғанына ренжу сияқты қайшылық бар.
Профессор аралас некені бірден қауіпті құбылыс деп бағалауға болмайтынын айтады. Оның сөзінше, қауіп аралас неке үлесі тым жоғарылаған кезде ғана күшеюі мүмкін. Ол шекті шамамен барлық некенің 25 пайызы деп көрсетеді.
«Бұл деңгейде күнделікті өмірде іргетас қызметін атқаратын этникалық маркерлер шайылады, ұлттық бірегейлік әлсірейді. Біз бұл деңгейге жеткен жоқпыз. Былтырғы жылы ҚР-да аралас неке деңгейі барлық некенің 18 пайызындай, ал қазақты жеке алсақ, ер азаматтардың – 6,9 пайызы, қыздардың 5,7 пайызы аралас некеге түскен. Бұл этнос үшін түк те емес», – дейді этнограф.
Салыстыру үшін Артықбаев Қазақстандағы басқа этностардың көрсеткішін де келтірді. Оның сөзінше, қазақстандық орыстар арасында аралас неке ер азаматтарда – 30,7 пайыз, әйелдерде – 35,6 пайыз. Ал өзбектер арасында бұл көрсеткіш тиісінше 15,7 және 17,2 пайыз шамасында.
Оның пікірінше, аралас некеге қарсы тұру қазіргі заманда мүмкін емес. Сондықтан мәселе басқа жақта: қазақ қоғамы ұлттық бірегейлікті қаншалықты сақтай алады деген сұрақта. Артықбаев ұлттық бірегейліктің басты тірегі тіл екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік тәуелсіздік, рәміздер, саяси және экономикалық дербестік маңызды болғанымен, ұлтты ұстап тұратын негізгі арқау – тіл.
«Тіл бірегейлігін қалыптастыру процесі жүріп жатыр, бірақ баяу», – дейді ол.
Этнограф әдет-ғұрып, салт-дәстүр және жалпы мәдениет мәселесінде де қоғамда ортақ түсінік әлсіз екенін айтады. Оның сөзінше, кез келген мәдениет жастарға ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіндіру үшін керек. Егер қоғам мұны айқындай алмаса, ұлттық сапа туралы айту қиын.
Оның айтуынша, мәселе «қыздарымыз жатқа кетіп жатыр» деп дабыл қағуда емес. Негізгі міндет – аралас некені де ұлт пайдасына жарата алатын деңгейге жету.