«Есіктен есікке дейін»: өңірлерде «Әділет» партиясының сайлауалды акциясы өтіп жатыр
«Әділет» партиясы сайлауалды науқаны аясында еліміздің барлық өңірінде «Есіктен есікке дейін» атты ауқымды акцияны өткізіп жатыр. Акция барысында партия кандидаттары «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының мән-маңызын түсіндіріп қана қоймай, азаматтардың ұсыныстары мен сауалдарын жинап жатыр.
Астана, NEGE. Акция аясында өңірлік штаб өкілдері, Құрылтай депутаттығына кандидаттар, партия белсенділері мен жастар қанатының мүшелері қала және ауыл тұрғындарымен кездесіп, партияның «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдауда.
Ақтөбе қаласында Құрылтай депутаттығына кандидат Ербол Данағұлов тұрғындармен кездесіп, сайлауалды үгіт материалдарын таратып, партия бағдарламасының басты міндеттерін туралы айтып берді.
«Партия ең алдымен азаматтарды баспанамен қамтуға, медициналық көмектің сапасын жақсартуға, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыруға, бір миллион жаңа жұмыс орнын ашуға, орта кәсіпкерлікті қолдауға, ауылдарды дамытуға, елдің азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ заманауи технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген жаңа экономиканы қалыптастыруға басымдық береді», – деді ол.
Кездесуде әлеуметтік саясат мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кандидаттың пікірінше, мемлекеттік қолдау ең алдымен оған мұқтаж азаматтарға бағытталып, оны алу тетігі қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс.
Құрылтай депутаттығына кандидат Қалия Төренова Петропавл тұрғындарымен кездесу барысында мұндай форматтың тиімділігін атап өтті.
«Тұрғындармен әрбір кездесу – партия бағдарламасын таныстыру ғана емес, халықтың пікірін тыңдап, ұсыныс-тілегін білуге таптырмас мүмкіндік. Осындай ашық пікір алмасу барысында елге қажет бастамалардың негізі қаланады. Біз халықпен етене жұмыс істеуді жөн көреміз. Өйткені мықты мемлекет сенімнің, өзара құрметтің және тұрақты диалогтың арқасында қалыптасады», – деді Қалия Төренова.
Кандидат «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бастамаларды таныстырды. Өз кезегінде тұрғындар қаладағы абаттандыру жұмыстары, әлеуметтік сала және облыс орталығын дамыту мәселелеріне қатысты пікірлері мен ұсыныстарын айтып, өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Осындай акциялар Жетісу облысында, сондай-ақ Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында да өтіп жатыр.
Қызылорда облысында облыстық сайлауалды штаб мүшесі Мақсұт Бекеев пен Құрылтай депутаттығына кандидаттар Мұрат Әбенов және Серік Қожаниязов Қаратөбе ауылының тұрғындарымен кездесті. Олар партияның ауылдық елді мекендерді дамытуға бағытталған бастамаларын таныстырып жүр.
Тараз қаласында партия кандидаты Шолпан Кариева жылжымалы штаб және жастар қанатының белсенділерімен бірге «Ауыл Береке» базарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Олар кәсіпкерлермен, сатушылармен, тұрғындармен кездесіп, партия бағдарламасын түсіндірді.
«Партия халықпен тұрақты байланыста болып, әрбір сайлаушының пікіріне құлақ асуды маңызды міндеті деп санайды. Біз тек сайлауалды бағдарламаны таныстырып қана қоймай, әр азаматтың пікірін тыңдаймыз. Ашық пікір алмасу ғана елге қажет шешімдерді қабылдауға және оң өзгерістерге жол ашады», – деді Шолпан Кариева.
Акция елдің ірі мегаполистерінде де жалғасуда. Осындай кездесулер Алматы, Астана және Шымкент қалаларында ұйымдастырылып жатыр.
«Есіктен есікке дейін» акциясы – сайлаушылармен тікелей жүздесудің ең тиімді тәсілдерінің бірі. Мұндай кездесулер тұрғындармен ашық пікір алмасып, олардың ұсыныс-пікірін тікелей тыңдауға мүмкіндік береді. Үгіт-насихат науқаны басталғалы Алматыда партияның сайлауалды штабының мүшелері, сенімді өкілдері мен белсенділері «Есіктен есікке дейін» акциясын 64 рет өткізіп, 26 100 тұрғынмен жүздесті. Бұл жұмыс сайлауалды науқаны аяқталғанға дейін Алматының барлық ауданында жалғасады», – деді Алматы өңірлік штабының мүшелері.
Акция алдағы уақытта өңірлерде жалғасады. Партия өкілдерінің басты мақсаты – тұрғындармен мүмкіндігінше көбірек жүздесіп, сайлауалды бағдарламаны таныстыру әрі олардың ұсыныс-пікірін тыңдау. Айтылған ұсыныстар партияның алдағы жұмысының негізі болмақ.
Еске салайық, елімізде Құрылтай депутаттарының тұңғыш сайлауына қатысты науқан 23 шілдеде ресми түрде басталды. 186 кандидатты ұсынған «Әділет» партиясы бағдарламасын алғашқылардың бірі болып таныстырды.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 21 тамызда аяқталады. Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.