«Ешқайсысына араша түспеймін»: Министр Ақтаудағы хирург пен ата-ана дауына қатысты пікір білдірді

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтауда баланың әкесі мен хирург арасында болған жанжалға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, дәрігердің де, ата-ананың да кінәсі анықталса, екеуі де заң алдында жауап береді.

Ақмарал Әлназарова/Денсаулық сақтау министрлігі

Астана, NEGE. Журналистер министрден Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасында болған оқиғаға қатысты дәрігерлердің әрекеті тексерілген-тексерілмегенін сұрады. Бұған дейін баланың әкесі әлеуметтік желіде жариялаған үндеуінде ұлы қатты ауырсынып жылаған кезде медицина қызметкерлері дер кезінде көмек көрсетпегенін мәлімдеген еді.

Министрдің мәліметінше, балаға аппендицит диагнозы қойылып, тиісті ота жасалған. Операциядан кейін екі күн өткен соң ата-анасы емді жалғастырудан бас тартып, баланы ауруханадан алып кеткен. Кейін қайта жеткізгенімен, бір тәулікке жетпей тағы да үйіне алып кеткен. Үшінші рет ауруханаға түскенде баланың дене қызуы көтеріліп, ауырсынып жылаған.

«Егер ата-ананың немесе дәрігердің тарапынан заңбұзушылық анықталса, ешқайсысын жақтамаймын. Заң бәріне ортақ. Биыл қабылданған заңда ата-аналардың жауапкершілігіне қатысты тиісті нормалар қарастырылған. Ал дәрігердің немқұрайлық танытқаны дәлелденсе, оған да заң аясында шара қолданылады», – деді Ақмарал Әлназарова.

Еске салайық, бұған дейін Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасында баланың әкесі хирург Қанат Исмаилдың жағасына жармасқан видео әлеуметтік желіде тараған еді. Кейін дәрігер видеоүндеу жариялап, баланы алғаш рет кезекшілігінің аяқталуына аз уақыт қалғанда көргенін және қажетті тексерулерді тағайындағанын айтқан. Ал баланың әкесі дәрігерлердің медициналық көмек көрсетуді кешіктіргенін және намысына тиетін сөздер айтқанын мәлімдеді.