Ержан Бабақұмаровты өлтірген ер адамға үкім шықты
Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаровты өлтірді деп айыпталған ер адам 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Астана, NEGE. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 20 ақпанда Ербол Каукетаевқа үкім шығарған.
«Үкім заңды күшіне енді. Негізгі сот талқылауы жабық сот отырысында өткендіктен, іс бойынша өзге мәліметтер жарияланбайды», – деп хабарлады соттың баспасөз хатшысы.
Еске сала кетейік, Ержан Бабақұмаров өткен жылдың қазан айында кісі қолынан қаза тапқан. Полицияның алдын ала болжамына сәйкес, Бабақұмаров пен оның танысының арасында өзара келіспеушілік туындап, жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан. Соның салдарынан 56 жастағы экс-шенеунік алған жарақаттарынан көз жұмған.