Ертістің ластанбағанын көрсету үшін Павлодар облысының әкімі өзен суына шомылды
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Ертістің суы ластанған» деген қауесетке жауап беру үшін өзенге өзі түсуді ұйғарыпты. Ол Павлодардың орталық жағажайынан тікелей эфирде өзен суына шомылғанын көрсетіп, тұрғындардың сөзін теріске шығарды.
Астана, NEGE. Өңір басшысының айтуынша, судың лай көрінуі ластанудан емес, қатты ағыстан өзен түбіндегі құмның көтерілуінен болған.
Ол Ертістің жылдық су ағыны шамамен 32 млрд текше метр болатынын, ал тәулігіне өзен арқылы шамамен 80 млн текше метр су ағып өтетінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай күшті ағыс судың тұрып қалуына жол бермейді. Ертіс суының негізгі бөлігі Қазақстан, Ресей және Моңғолия түйіскен жердегі Алтай тауларынан бастау алады.
Тікелей эфир барысында әкім желі қолданушыларына алақанымен су алып, өзенге басымен сүңгіп көрсетті.
«Міне, суға қарыңыздаршы, мұндағы су тамаша», – деді Байханов.