Ертісбаев ҚХП тізгінін Шоқановқа тапсырды

Астанада Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс съезі өтіп, делегаттар партияның жаңа төрағасы етіп Нұрсұлтан Шоқановты сайлады.

ҚХП баспасөз қызметі

Астана, NEGE. 2022 жылдан бастап партияны басқарған Ермұхамет Ертісбаев съезд мінберінен соңғы үш жылдағы жұмысты қорытындылады.

Ертісбаевтың айтуынша, осы уақыт ішінде ҚХП азаматтардың нақты мәселесін көтеретін саяси күш ретінде өз орнын нығайтқан. Ол партияның құр уәдемен шектелмей, халықтан түскен өтініштер мен әлеуметтік мәселелерді билікке жеткізуді басты бағытқа айналдырғанын айтты.

«Бүгінде Халық партиясы – көмек сұрап келетін орталыққа айналды. Бұл – біздің жұмысымыздың басты нәтижесі», – деді Ертісбаев.

Оның сөзінше, VIII шақырылым басталғалы бері партия фракциясының депутаттары Үкіметке 591 депутаттық сауал жолдаған. Осы кезеңде партия қатары 43 мыңнан астам адамға толыққан. Сонымен қатар ҚХП-ның ресми цифрлық платформаларына 1,1 миллионнан астам қолданушы тіркеліп, жарияланымдардың жалпы қаралымы 600 миллионнан асқан.

Ертісбаев партия басшылығының ауысуын саяси ұйым дамуының заңды кезеңі деп атады. Оның айтуынша, жаңа төрағаны таңдауда басқарушылық тәжірибе, нақты жұмыс нәтижесі, көшбасшылық қабілет және партияны әрі қарай дамыту мүмкіндігі ескерілген.

ҚХП баспасөз қызметі

Жаңа төраға Нұрсұлтан Шоқанов еңбек жолын «Ernst & Young» халықаралық аудиторлық компаниясында бастаған. Одан кейін «Сандриллинг» мұнай сервистік компаниясында басқарушылық лауазымдарды атқарып, 2009 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысқан.

2021 жылдан бастап Қазақстан Халық партиясынан Алматы қалалық мәслихатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болып сайланып, 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап партияның Алматы қалалық, кейіннен Алматы облыстық филиалдарына жетекшілік етті.