Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» компаниясын басқаратын болды

Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатылған Ерсайын Нағаспаев артынша «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасы Нағаспаевтың кандидатурасын қолдау туралы шешімге келген.

Айта кетерлігі, Ерсайын Нағаспаев 2025 жылы ақпанда өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалғанға дейін «ҚТЖ-да» басқарушы директор қызметін атқарған.

Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған Нағаспаев әр жылдары Инвестициялар комитетінде, Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінде жұмыс істеген. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінде, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК-да басшылық қызметтер атқарған.

Сондай-ақ Қарағанды облысы Шахтинск қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, «Астана» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы болған.

Еске салсақ, 11 қарашада ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті және өзге де адамдарды ұстаған еді.

Ал оған дейін желіде Астанадағы Қонаев көшесіндегі Atlant-6 тұрғын үй кешенінің маңынан долларға ұқсас купюралар шашылып жатқаны түсірілген видео тарады.

Ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Ол мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықтың жай-күйін аса күрделі жағдай деп бағалады.

14 қарашада сот санкциясымен  Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің қамауға алынғаны мәлім болды.