Ернар Айдар тыңдармандарын күтеді
Қазақ эстрадасында дарынды өнерпаздар жетерлік. Соның бірі Ернар Айдар. Халықтың қошеметіне бөленіп, әсем әндерін ұсынып жүр
Алматы, NEGE. Бүгін «Алматы Арена» мұз айдынында әнші Ернар Айдардың жеке кеші өтпек. Әнші кезекті есеп беру концертіне тыңғылықты дайындалған. Алматының төрінде Arash, Oceana, Serdar Ortac есімді әлемдік жұлдыздармен өнер көрсетіп, көрермендерге ең танымал әндерінен шашу шашпақ. 10 мыңнан аса көрермендер жиналатын сарайда шоуға толы концерт ұйымдастыру кез келген әншінің арманы.
Қазіргі таңда Ернардың ән қоржынында бірнеше музыкалық альбомы мен бейнебаяны бар. Осы уақытқа дейін Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, мыңға жуық концерт беріп үлгерді. Ол шығармашылық ізденістен жалыққан емес. Еңбектің арқасында жетістікке жеткен Ернар Айдар өнерде өз қолтаңбасын қалыптастырды.
Әнші сұхбатының бірінде: «Өнерім менің өмірім. Балалық арманым мені биік белестерге жетеледі. Заңгер мамандығына оқуға түссем де, қолым қалт еткен уақытта өнер академиясын жағалап жүретінмін. Дыбыс жазу студияларына жиі барамын. Ән жазып, тыңдармандарға ұсынсам екен деген ой ғой. Өнерімді халыққа арнағым келді. Танымалдылыққа, атаққа қызыққан емеспін. Алғашқылардың бірі болып бойымдағы талантты туған ағам әрі продюсерім Талғат Айдар байқап, барынша қолдау көрсетті. Киелі сахнаға жол ашты. Осылайша 22 жасымда өнер әлеміне қадам бастым», - деген.
Айта кетейік, Ернар Айдардың әлемдік жұлдыздардың қатысуымен өтетін екінші кеші желтоқсан айының 22 жұлдызында Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылады.