Ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына 3 бөлмелі пәтер берілді

Семей қаласында бүгінгі күннің батыры Айдос Тоғызбаевтың жанұясы жаңа қонысқа ие болды.

Алматы, NEGE. Семей қаласындағы танымал «Азия Фирма» ЖШС бас директоры Сәуле Досқожанова қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші, марқұм Айдос Тоғызбаевтың отбасына 3 бөлмелі пәтер берілетіні туралы қыркүйек айында хабарлаған болатын.

Араға 2 ай салып, 12 қараша күні «Фирма Азия» ЖШС өкілдері мен облыстық мәслихат депутаты Әсемқан Досқожанов «Қарағайлы» ықшам ауданында орналасқан тұрғын үйлердің бірінен 3 бөлмелі пәтердің кілтін марқұм Айдос Тоғызбаевтың жұбайы мен балаларына табыстап, жаңа қонысымен құттықтады. 

Айта кетейік, 7 қыркүйекте Абай облысы Жарма ауданында дала өртін сөндіру кезінде Айдос Тоғызбаевтың денесін қатты күйік шалып, қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан болатын. Айдос Тоғызбаев ол кезде 36 жаста еді. Марқұмның артында бес баласы мен жары қалды.  Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Айдос Тоғызбаевтың отбасына ҚР Президентінің атынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстады.