Ерлан Карин Құрылтай депутаттығына үміткер атанды

«Әділет» партиясының кезектен тыс ІІІ съезінде Құрылтай депутаттығына 186 үміткер ұсынды. 

NEGE

Астана, NEGE. III Съезд делегаттары cайлауалды бағдарламаны, кандидаттардың партиялық тізімін бекітіп, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізді, мүшелік жарналардың мөлшерін айқындады, сондай-ақ қорытынды Қаулы қабылдады. 

Партия Құрылтай депутаттығына 186 кандидат ұсынды. Олардың ішінде Айбек Дәдебай, Ерлан Қарин, Асхат Аймағамбетов, Мұрат Әбенов, Сұңғат Есімханов, Ботагөз Жақселекова, Елдар Жұмағазиев, Динара Зәкиева, Геннадий Зенченко, Снежанна Имашева, Раушан Қажыбаева, Дәурен Қайыпов, Әділ Балтабаев, Шахмұрат Мүтәліп, Бағдат Мусин бар.

Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, партиялық тізімге қоғамда абыройға ие болған, түрлі саланың тәжірибелі мамандары мен кәсіби біліктілігі жоғары азаматтар енгізілген.

«Бұл тізімге халқымыздың бетке ұстар игі жақсылары, әр саладағы ең тәжірибелі әрі білікті мамандары енді. Жас, білімді де білікті, кәсіби деңгейі биік осы орта жаңа дәуірге қажет қарқынды істің, салиқалы шешімдердің негізі болады деп сенеміз. Алдағы саяси додада партияның сөзін ұстап, елді бағдарламамызға сендіре білетін, қажет кезде ұтымды шешім қабылдайтын да – осы азаматтар», – деді Айбек Дәдебай.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы қоғам өмірінің негізгі бағыттарын қамтиды. Құжатта тиімді мемлекеттік институттар қалыптастыру, цифрлық мемлекетті дамыту, өңірлердің әлеуетін арттыру, бәсекелі экономика құру, әлеуметтік ынтымақ пен атаулы қолдау жүйесін жетілдіру, адами капиталды дамыту, жаңа қоғамдық мәдениет қалыптастыру және экологиялық саясатты күшейту басым бағыттар ретінде белгіленген.