10 сентября 2020 г. 9:33

Еркектер дәуірі аяқталды ма?

Болашақты болжайтын аңыз-әпсана көп. Ежелгі тарихтан солардың біразы дәл келгенін білеміз. Мәселен, Константинопольдің құлауына қатысты аңыз. Гректер арасында «Аспанда ай тұрғанда қамал құламайды» деген сөз болған. Фатих Султан Мехмед қамалды бұзар алдында ай толық тұтылған көрінеді. Әулие София ғибадатханасы жамандық хабар бергендей өзінен түсініксіз сәуле шығарған. Қаланың қорғаны саналған қасиетті икона қорған ішін аластау кезінде өзінен-өзі құлап, бүлінген. Бұл жағдайлар жау қоршап, қиын-қыстау қалған жағдайда, орта ғасырдағы Константинополь тұрғындарына қалай әсер еткенін болжау қиын емес.

Тағы бір әпсана. Францияда он екі де бір гүлі ашылмаған қыз елді сақтап қалады деген көне аңыз болған. Ағылшындар басып кіріп, елдің шаңырағын ортасына түсірген кезде, жұрт «құтқарушы пәк қыз келеді» деп күткен. Өздеріңіз білетіндей, дәл сол кезде тарих сахнасына Жанна д’Арк шықты.Мұндай ақиқатқа айналған аңыздар көп.

Сонымен, не дегің келеді дейсіз бе? Айтайын. «Әйел билік жүргізген кезде ақырзаман болады» деген сөзді естімеген адам жоқ шығар. Тура келген көріпкелдіктерді саралап көрсек, мынадай қорытынды шығады. Ақырзаман орнаса, оның – әйелдердің кесірінен емес, не, жамандығынан емес. Әйелдер қоғамдық өмірде, ғылымда, тағы да басқа салаларда еркектерді артқа тастап, әлемнің билігін қолына ала бастады. Аңыз адаспаса, бұл кезең ғаламдық апатпен жай ғана сай келуі мүмкін.

Шынтуайтына келсек, әйелдің билік жүргізгені бүгін ғана емес. Ұлыбритания және Ресей империясының тағында отырған әйелдер аз емес. Ел тізгінін ұстап, еркектерден артық болмаса, бір мысқал кем түспейтін әйел басшылар да болған. Ерекше қабілетімен көзге түскен, еркектер әлемін мойындатқан бірлі-жарым әйелдер...

Бірақ ол дәуірде бұл төтен жағдайлар ғана болатын.

Ал қазір ше?

Қазіргі жағдай мүлде басқа.

Ал бүгін әйелдер заманнан озып барады. Бұлай жалғаса берсе, жақында еркектердің дәуірі аяқталады деген сөз.

Әдетте: «Әйелдер дүниеге жақын. Қызылға, жарқырауық нәрселерге құмар. Әдемі сөздер мен қымбат дүниелердің алдында әлсіздік танытады. Сондықтан әділ билік жүргізе алмайды» деген сыңаржақ пікір кең тараған. Мұны бір ғана Германияның премьер-министрі Ангела Меркель өз болмысымен жоққа шығарады.

Мына суретте күйеуімен базардан келе жатыр. Бұл Еуропадағы, тіпті әлемдегі ең мықты, ең озық мемлекеттің басшысы. Халқы сіңірі шыққан кедей елдердің көсемдерінің осылай жүргенін көзіңізге елестете аласыз ба?

Әйелдер жалтыраққа құмар деушілерге: Меркель қарапайым ғана үйде тұрады. Заң бойынша өзінен тиесілі мемлекеттің тегін қызметінен бас тартқан. Оның ұраны: «Тегін нәрсені алуға болмайды!».

«Сізді осы плащыңызбен он жыл бұрын фото-суретке түсіргенім есімде», – деп фоторепортерлердің бірі сұраулы жүзбен таңырқай қарайды. Сонда Меркельдің не жауап бергенін білесіз бе?

«Мен – неміс халқының мемлекет қызметкерімін. Модель емеспін!». Міне, жауап.

Еркек «модельдер» басқарып жатқан елдің тұрмысы, берекесі қалай қашып жатқаны өзіңізге мәлім. Айтып жату артық болар.

Жердің бір жерінде Чили  деген ел бар. Кеше бұл елдің халқы президентімен қимай қоштасты. Халқы алғыс жаудырып жатыр. Шын жылап жатыр. Басшыларға деген халықтың мұндай риясыз қошеметін көру әдеттен тыс, ерек дүние екен. Ол да әйел. Бірақ еркектер жасай алмаған нәрсені істеген. Елде жұмыссыздықты жойған. Экономиканы гүлдендірген. Халқы тойынып, көк көйлекке ие болған. Мишель Бачелет сайланған мерзімі біткен соң тағынан түсіп кетіп барады. Түрлі құйтырқылыққа барып, Конституцияны бұрмалап, билікті заңсыз жекешелендіріп алуға ұмтылған да жоқ.

Сонда дейміз-ау? Кім дүниеге жақын? Қызылға, жарқырауық нәрселерге кім құмар? Әдемі сөздер мен қымбат дүниелердің алдында әлсіздік танытатын кімдер? Сонда әділ билік жүргізе алмайтын кімдер?.

Сауал көп. Жауапты өзіңіз беріңіз.

Сирек жағдай дейсіз бе?  Иә, әлемді қазір мықты жігіттер басқарып отыр. Трамп, Си, Путин, Ердоған, Макрон, тағы басқалары.

2020 жыл. COVID-19. Пандемия. Бұл мықты жігіттер бұған қарсы не істей алды? Жауап біреу: Ештеңе. Халқы індетке шалдығып қырылып жатыр. Ал әйел басқарып отырған елдер әлем елдерінің небәрі он пайызы екен. Осы елдерде адам шығыны жоқтың қасы.

Ғалымдардың зерттеуінше, әйел-басшыларға экономикалық көрсеткіштер емес, адам өмірі маңызды. Олар әр әрекетін ғылыми мәліметтерге негіздеп жасаған. Яғни, ғасыр апаты – пандемияға әйел-басшылар ғана төтеп беріп отыр.

Тағы бір мысал. Вашингтон да, Кремль де түк істей алмаған Беларусь диктаторы Лукашенконы қолынан қаруын тастамауға мәжбүрлеп, тағынан төңкеруге шақ тұрған да – әйелдер. Әдетте, ТМД елдеріндегі төңкерістерге түрлі-түсті атау беретін. Беларусьте «әйелдер төңкерісі» болып жатыр десек, қателеспейміз. Тарихта тұңғыш рет қоғамдық құрылысты әйел өзгертпек.

Бұл не? Еркектер дәуірі аяқталып, әйелдер дәуіріне аяқ басып келе жатырмыз ба?..

Тегтер: