ERG Павлодар облысындағы әлеуметтік жобаларға 3 млрд теңге бөледі

ERG компаниясының Павлодар облысына бағыттайтын қаражаты білім беру, спорт, экология, денсаулық сақтау, абаттандыру және халықты әлеуметтік қолдау салаларындағы 17 жобаны іске асыруға жұмсалмақ.

pavlodarnews.kz

Астана, NEGE. Облыс әкімі Асайын Байханов пен ERG тобының Қазақстандағы периметрі басшысы Құдірет Шәмиев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Меморандумның жалпы құны – 3,1 миллиард теңге.

Меморандум аясында Ақсу қаласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Биыл мұнда заманауи жүзу бассейні мен жаңа қалалық саябақтың құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Тек бассейн құрылысына биылдың өзінде 800 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.

Ал Ақсу қаласындағы Tugan Qala жобасын іске асыруға ERG 130 миллион теңге бөледі.

Қаражаттың бір бөлігі инфрақұрылымды жаңғырту мен жылу беру маусымына дайындыққа жұмсалады. Атап айтқанда, блок-модульдік қосалқы тарату станциясын орнату және шаңкөмірлі оттықтарды ауыстыру жоспарланған.

 «ERG колледждер үшін» бағдарламалары аясында Ақсу мен Павлодар колледждерінде студенттердің тәжірибелік дайындығына арналған жабдықтармен қамтылған заманауи қауіпсіздік кабинеттері ашылмақ.

Өңірдің медициналық инфрақұрылымы да назардан тыс қалмаған. Павлодар қаласындағы №1 және №3 ауруханаларына заманауи рентген аппараттары сатып алынады. 

Сондай-ақ компания облыс орталығының мастер-жоспарын әзірлеуге қолдау көрсетіп отыр. Бұл құжат Павлодарды кешенді дамыту мен заманауи құрылыстардың негізіне айналады деп болжанып отыр.

Экологиялық бағытта ERG Павлодар ауданында екі модульдік орман өрт сөндіру станциясының құрылысын, сондай-ақ көгалдандыру жүйесін дамыту және табиғи ортаны қалпына келтіру үшін орман тәлімбағын құруды қолдады.

Өңір басшысы Асайын Байхановтың мәлімдеуінше, ERG соңғы үш жылдың өзінде өңірді дамытуға 15 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген.

«Ең маңыздысы – бұл бір реттік бастамалар емес, Павлодар облысы тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін жүйелі жұмыс», – дейді әкім.

Құдірет Шәмиев өңірлерді дамыту компанияның ұзақ мерзімді стратегиясының маңызды бөлігі болып қала беретінін атап өтті.

Компанияның мәліметінше, ERG-дің өңірлерге салған әлеуметтік инвестицияларының жалпы көлемі 321 миллиард теңгеден асқан.