ERG Бразилиядағы темір кені активтерін сатуға жақын – БАҚ

Португалиялық Mota-Engil компаниясы Eurasian Resources Group-тың (ERG) Бразилиядағы Bahia Mineração (Bamin) компаниясын сатып алу жөніндегі келіссөздерін аяқтауға жақын. Мәміле алдағы бірнеше аптада жасалуы мүмкін, деп хабарлады BNamericas.

ERG

Астана, NEGE. Тараптар бұған дейін Bamin компаниясын сатып алу туралы алдын ала келісімге қол қойып, оның қаржылық, заңдық және өндірістік жағдайын тексеруге кіріскен. Қазір келісімшарттардың соңғы нұсқалары қаралып жатыр.

Бастапқыда мәмілені 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланған. Алайда ERG акционерлерінің құрамындағы өзгерістер келіссөздердің созылуына әсер еткен.

«Меніңше, тағы екі айдың ішінде келіссөздер аяқталып, тараптар мәмілеге келеді. Қазір келісімшарттар қайта қаралып жатыр. Үдерістің созылуына ERG-дегі корпоративтік өзгерістер әсер етті», – деді келіссөз барысымен таныс, аты-жөнін жарияламауды сұраған дереккөз BNamericas-қа.

Мәміле аяқталса, Mota-Engil Бразилияның Баия штатындағы Pedra de Ferro темір кені жобасын бақылауға алады. Жобаның жылдық өндірістік қуаты 26 млн тоннаға бағаланады.

Португалиялық компания Батыс–Шығыс интеграциялық теміржолының бір бөлігін салуды және Porto Sul портын дамытуды да өз мойнына алады. Bamin жобаларына шамамен 5 млрд доллар инвестиция қажет.

Мамыр айының соңында ERG акционерлерінің құрамы өзгерді. Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің отбасы өздеріне тиесілі 18,6% және 20,7% үлестерін қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп бақылайтын Nature Energy Solutions компаниясына сатты.

Осы мәміледен кейін Қазақстан мемлекетінің ERG-дегі 40% үлесі сақталды. Ал Nature Energy Solutions компаниядағы 39,3% үлеспен ірі жеке акционерлердің біріне айналды.Тағы 20,7% акция Ибрагимовтар әулетіне тиесілі.