4 марта 2026 г. 9:44

«Ерекше балаларды таяқпен ұрған»: Алматыда түзету орталығының қызметкері ұсталды

Фото: polisia.kz

Таяуда әлеуметтік желілерде Алматыдағы түзету орталықтарының қызметкерлері диагнозы бар балаларды жүйелі түрде ұрып-соғатынын жеткізген ата-аналардың үндеуі тарады.

Астана, NEGE. Олардың айтуынша, ерекше балалар қызметкерлердің, әсіресе жаттықтырушының тарапынан үнемі зорлық-зомбылыққа ұшырап келген. Дәлел ретінде ата-аналар видео жариялады. Бейнежазбадан жас жігіттің кішкентай балаға дөрекі әрекет жасап тұрғанын көруге болады.

Аналардың бірі ұлын жаттықтырушы басынан және аяғынан таяқпен ұрғанын, сондай-ақ әдейі аяғынан шалып құлатқанын айтты.

«Баламды ол тоқтаусыз ұрып, қорлады. Сабақ басталысымен-ақ мазақтай бастады. Басынан, аяғынан таяқпен ұрды, жүгіру жолағында бес рет әдейі аяғынан шалып, құлатты. Аяғынан он шақты рет, басынан бірнеше рет таяқпен ұрды», – дейді ол.

Ата-аналар орталықтың жұмысына шағымданып, құқық қорғау органдары мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы мекемелерден көмек сұрады.

4 наурызда Алматы қалалық полиция департаменті түзету орталығының бір қызметкері ұсталып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады

«Жедел-тергеу іс-шаралары барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.

Полицейлердің нақтылауынша, қазір бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, куәлар мен іске қатысы бар өзге де адамдардан жауап алынуда.

Тергеу барысын департамент басшылығы ерекше бақылауға алған.