Ердоған: Ресей Сириядағы түрік әскерінің жолында тұрмасын
Түркия Сирияның Идлиб аймағының тұрғындарын әскери қақтығыстан қорғау операциясын одан әрі жалғастырады. Бұл туралы бүгін Стамбулдағы брифингінде Түркия президенті Режеп Ердоған мәлімдеді.
Алматы, NEGE. Дүйсенбі күні таңертең болған артиллериялық соққы салдарынан Идлибте 4 түрік жауынгері қаза тауып, 9-ы ауыр жараланған. Түркияның қорғаныс министрлігі шабуылды Башар Асадтың әскері жасағанын, қарымта соққының нәтижесінде қарсы тараптың барлық нысаны жойылғанын хабарлады. Президент Ердоған әрбір осындай арандатушылыққа түрік әскерінің жойқын жауап қайтаратынын және Түркияның Идлибтегі әскери операцияны жалғастыра беретінін ескертті.
Ердоған егер Мәскеу Башар Асадтың Идлибте жасап жатқан сойқанын тоқтатуға қауқарсыз болса, онда түрік әскерінің жолына кесе көлденең тұрмасын деп ескертті.
«Түркия өз жауынгерлерінің Идлибте қаза тапқанын жауапсыз қалдырмайды. Бұған қатысы барлардың бәрі Анкараның қаһарына ілігеді», - деді Ердоған.