12 сентября 2025 г. 17:47

«Баян әпкемнің бірде-бір жобасына қатысқан емеспін» – Аша Матай

Фото: Аша Матайдың жеке мұрағатынан

Аша Матай – шоу-бизнесте асығы алшысынан түскен өнерпаз. Әнші болып танылған ару Біржан салдың Ләйлім шырағын сәтті сомдау арқылы талантын тағы бір мойындатты. Десе де, Баян апасының (Алагөзова – ред.) белгілі продюсер екенін алға тартып, оның өнеріне қырын қарайтындар да жоқ емес. Ал әншілікті НЕГЕ тележүргізушілікпен алмастырды? Аталған сауалдарға өнер иесінің өзі жауап берді.

 Ақбота әлде Аша? Үйдегілер сені қалай атайды?

Ет жақындарымның дені «Аша» деп атайды. Негізі бұл – сахналық псевдоним, үйдегілердің «Бота», «Боташа» деген еркелетуінен шыққан сөз.

Жұрт алғаш өзіңді әнші, актриса деп танығанымен, бұл өнерің тележүргізушіліктің тасасында қалған сияқты ғой

Рас, о баста әнші болып танылсам екен деген арманым болды. Сөйтіп, сахнада өнер көрсете бастаған кезде киноға түсуге, тележүргізуші болуға шақырды. Уақыт өте келе үш бірдей саланы қатар алып жүрудің оңайға түспесін ұғындым. Отбасылы болған соң күн-түндеп түсірілім алаңы мен шығармашылық сапарда жүретін емес. Нәтижесінде таңдауым журналистика саласына түсті. Сондықтан осы мамандық бойынша магистратураны меңгеруді жөн көрдім. Оның алдында ҚазҰУ-дің халықаралық заңгер факультетін бітірген болатынмын.

Аша Матайдың жеке мұрағатынан

Айтпақшы, Баян әпкең мен Тұрсын жездеңнің егіздерінің біріне кіндік шеше болдың. Ол қыздың тұсауын да өзіңе кестірді. Байлардың тойында байғазыға не бұйырды?

Танымал брендттен алтын алқа тақты.

Құпия болмаса құны қанша тұрады?

– Бағасы екі миллионнан асады. Жалпы мен Баян әпкемнің қызынан өзге, інімнің және құрбымның қызына да кіндік шеше боламын. Шүкір, балаларым көп...

Жалпы шоу-бизнестегі мансабыңды қалыптастыруда Баянның үлесі қаншалықты?

Көпшілік менің шоу-бизнестегі жолымды Баян әпкем қалыптастырған деп ойлайды. Бірақ шынтуайтында олай емес. Байқасаңыз, ол кісінің бірде-бір жобасына қатыспқан емеспін. Себебі менің творчестволық бағытым мүлде басқа. Әрине, егер қандай да бір көмек сұрасам, аянбайды, кеңесін беріп тұрады. Құдайға шүкір, біздің туыстық-қарым қатынасымыз өте жақсы. Бірақ менің өнер сахнасында танылуыма қолғабыс болған жан – ол әкем.

Әкемнің алтын қасиеті сол – қандай лауазымды қызметте жүрсе де, уақытының тығыздығына қарамастан үнемі отбасына, балаларына уақыт бөлетін. Тұрмысқа шыққанға дейін қандай концерт, кастинг, түсірілімге барсам да өзі тасып жүрді. Әкем қорғанышым да, қамқоршым да, демеушім де, продюсерім де болды. Ал стиль мен әйел ретінде қалыптастуыма анамның септігі тиді.

Аша Матайдың инстаграм парақшасынан

Қыз бала жар таңдауда әкесіне ұқсайтын адам іздеуге тырысады ғой. Арман мен әкеңнің арасында қандайда бір ұқсастық бар ма?

Біріншіден, екеуі де қамқор. Сондай-ақ қандай жағдай болсын сабырмен, байсалды шешім қабылдайтыны ұқсайды. Екеуі де тарихты жақсы көреді, сондықтан әңгімелері де жарасады.

Қазіргі коучтардың дені еркектің жүрегіне дәмді ас арқылы жол табу керек деген тәмсілді жоққа шығарады. Бұған қалай қарайсың?

Қазіргі коучтардың кеңесіне құлақ түрсек, қыздарды ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргізуге жетелейді. Нақтырақ айтсам, еркекке мойынсұнбауға үйретеді. Біз шығыс халықының қыздары болғандықтан, шаңыраққа қарауға тиіспіз. Батыстық әйелдерден тәлім-тәрбие, парасат-пайым сияқты болмысымызбен ерекшеленеміз. Ер азаматқа өз қолыңмен даярлап берген асқа не жетсін?!

Мәселен, менің анам асты өте дәмді әзірлейді және мені де солай баулып өсірді. «Әйел – үйдің көркі» деген, егер ол түзден келген азаматының алдына ас қоя алмаса, оның несі әйел?! Бірақ бұл ас үйден шықпау керек дегенді де білдірмейді. Әйел адам отбасына көңіл бөле жүріп, өзінің де күтімін келістіргені жөн деп санаймын. Жалпы ер де, әйел де өзінің міндетін қатар атқарса, отбасында сөзсіз гармония орнайды.

Арман мен Аша отбасын құрғанда сахнаға Қарақат пен Қыдырәлі, Жанболат пен Жазирадай тағы бір жұлдызды жұп қосылды деп жорыған едік. Бірақ сендер қосыла шырқаған дуэт санаулы ғана болды ғой...

Иә, көпшілік екеуіңіз жазған екі ән де хитке айналды, сондықтан дуэтті жалғастыруға не кедергі деп сұрап жатады. Бірақ шыны керек, біз кейінгі кезде отбасылық кәсіпке көп көңіл бөліп кеттік. Күйеуім ерлер киімін сататын дүкендер желісімен айналысады. Себебі, өнерде табыс бірде бар болса, бірде жоқ. Оның кемшін тұсы пандемия кезінде анық білінді. Сондықтан тұрақты табыс көзі болғаны дұрыс деп шештік. Балалар өсіп келе жатқан соң, олардың да болашағын қалыптастыру керек. Бірақ ара-арасында ағайын-туыс, дос-жаранның қунышында қосылып ән шырқайтынымыз бар.

Аша Матайдың инстаграм парақшасынан

Үйдегі қыздардың тәрбиесімен кім айналысады?

Біз ағылшын тілін білу мақсатында қыздарымызға шетелдік күтуші жалдағанды жөн көрдік. Бірақ баларымызға қазақы тәрбие беріп келеміз. Қыз бала болған соң олардың жүріс-тұрысын, бәрін өзім қадағалаймын.

Қазіргі қоғам тұрмысқа мығым әйел болудан бұрын, табысты әйел болуды талап ететін сияқты. Бұл дұрыс па?

Мұны дұрыс не бұрыс деп айта алмаймын. Өйткені әр отбасында қалыптасқан өзіндік заңдылық бар. Өз басым көбіне күйеуіме мойынсұнып, ер азамат болған соң жағдайды өзі жасаса деп отырамын. Оның алдына шығып кетуге ұмтылмаймын. Себебі өзім де сондай жанұяда өстім. Енеммен бірге тұрғаннан кейін ол кісінің де жағдайына қарайласу керек. Кім білсін, бәлкім, мен өз қолым өз аузыма жетіп барып тұрмысқа шыққан соң осылай пайымдайтын шығармын. Дегенмен, әр адамда жағдай әр түрлі ғой. Ер азаматтың тапқаны жетпеген соң өзі қоса жүгіріп кететін замандастарым бар. Сондықтан бес саусақ бірдей емес.

Аша Матайдың жеке мұрағатынан

Түрлі сылтаумен тұрмысқа шығудан тартыншақтайтын қыздарға қандай кеңес бересің?

Әрине, қазір салт жүрген қыздар да, жігіттер де көп. Ер азаматтар жауапкершіліктен қашса, қыздар аста-төк өмір сүрсем деп әлеуметік желіден көргенін армандайды. Тұрмысқа шыққан жігітім жайлы өмір сыйлай ма, жоқ па деп қорқақтайтын да болар. Бірақ бірден мен мынадай жағдайда өмір сүруге тиіспін деп, ауызды айға білеуге болмайды. Махаббат, адалдық, түсіністік, сыйластық болғанда ерте ме, кеш пе, материалдық жағдай оңалады.

Материалдық құндылықты алға шығарған жанұяның өміршең болуы екіталай дейсің ғой?

Ондай отбасылар да бар. Бірақ олар бақытты ма, әлде бақытсыз ба, ол енді басқа әңгіме...