Ер адам екінші әйелін өлтіру үшін 10 мың долларға киллер жалдаған
Өзбекстанда құқық қорғау органдарының қызметкерлері кісі өлтіру әрекетінің алдын алды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ташкент қалалық ішкі істер басқармасы хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 41 жастағы ер адамның екі әйелі болған. Жарты жыл бұрын бірінші әйелі оның екінші әйелі бар екенін біліп қойып, егер екінші әйелімен байланысын үзбесе, балаларымен бірге төртінші қабаттан секіріп кететінін айтып қорқытқан.
«Мұны есту маған өте ауыр болды. Не істеу керегін ойлана бастадым. Сөйтіп, бір адамды тауып, екінші әйелімді өлтіруге келісім жасастым. Ол "Пышақтап өлтіру керек пе, әлде қылғындыру керек пе?" – деп сұрады. Мен: "Қылғындыру керек" – дедім», – дейді ер адам.
Әйелін өлтіргені үшін ол киллерге 10 мың доллар мен көлік беруге уәде еткен, соның 2 мың долларын бірден беріп, қалғанын кейін бермек болған.
Өзбекстандық полицейлер қылмыстың алдын алып үлгерді. Тапсырысты орындаушы мен өлтірілуге тиіс болған әйел құқық қорғау органдарымен бірлесіп, кісі өлтіруді қолдан ұйымдастыруға келіскен.
Тапсырыс беруші 8 мың доллар мен жәбірленушіге тиесілі көлікті беру кезінде ұсталды.
«Бұл әйелдің өмірін сақтап қалған қызметкерлерге алғыс айтқым келеді. Егер ол қайтыс болғанда, мен қалай өмір сүрер едім, білмеймін. Бұл ой әлі күнге дейін мазалайды. Мен қалайша мұндай қадамға бардым? Ешқашан екінші әйел алмаңыздар, бір ғана әйелмен өмір сүріңіздер», – дейді ер адам.
Тапсырыс беруші мен орындаушыға қатысты Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 97-бабы (қасақана адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екеуіне де қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.