Эпштейн ісі бойынша Ұлыбританияның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі ұсталды
Ұлыбританияның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Питер Мандельсон педофил Джеффри Эпштейнге үкіметтің құпия ақпаратын берді деп айыпталып отыр.
Астана, NEGE. Мандельсон 23 ақпанда қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен қамауға алынып, бірнеше сағаттан кейін кепілмен босатылды, деп хабарлайды BBC.
Полиция өкілдері 72 жастағы Мандельсонның қосымша тергеулер аяқталғанға дейін бостандыққа жіберілгенін мәлімдеген.
Осы айдың басында полиция «лорд Мандельсон министр болған кезде сотталған педофил Джеффри Эпштейнге мемлекеттік құпия ақпаратты берді» деген айыптауларға қатысты тергеп-тексеруді бастаған.
Мандельсон Ұлыбританияның АҚШ-тағы елшісі қызметіне 2025 жылғы ақпанда тағайындалған, бірақ қыркүйекте оның Эпштейнмен терең қарым-қатынаста болғаны туралы жаңа ақпарат шыққаннан кейін қызметінен босатылған.
Еске салсақ, бұған дейін III Чарльз корольдің інісі Эндрю Маунтбаттен-Виндзор ұсталғанын жазған едік. Ол да Эпштейнге құпия құжаттарды берген деген күдікке ілінген.