ENRC Ұлыбританияның қаржылық алаяқтыққа қарсы органымен бітімге келді
Қазақстандық ENRC компаниясы мен Ұлыбританияның ірі қаржылық алаяқтықпен күрес жөніндегі бюросы (SFO) 290 миллион доллардан астам талап-арыз бойынша өзара келісімге келді.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде британдық сыбайлас жемқорлыққа қарсы үкіметтік емес ұйым хабарлады.
Келісімнің қаржылық шарттары жарияланбады. Сондықтан компанияның нақты қанша өтемақы алатыны әзірге белгісіз.
Бұл дау-дамай SFO-ның ENRC-ге қатысты 2013-2023 жылдары жүргізген қылмыстық тергеуінен кейін туындаған. Тергеу қорытындысы бойынша ешқандай айып тағылмады. 2023 жылы британдық сот ведомствоның өз міндеттерін бұзғанын, соның ішінде ENRC-нің бұрынғы заңгерінен рұқсатсыз ақпарат алғанын анықтады. Ал 2026 жылғы наурызда Жоғарғы сот SFO мен Dechert заң фирмасының бұл шешімге одан әрі шағымдануына рұқсат бермеді.
Осыдан кейін ENRC келтірілген шығын үшін өтемақы талап етуін жалғастырды. Соңында тараптар төлем көлемін сот шешімінсіз, өзара келісім арқылы реттеуге уағдаласты.