17 декабря 2019 г. 15:52

Энергетика вице-министрлерінің соты ертең басталады

Ертең (18 желтоқсан - ред) сағат 15:00-де Нұр-Cұлтан қаласындағы Байқоңыр аудандық сотында бұрынғы энергетика вице-министрлері Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиев ісі бойынша алғашқы сот процессі өтеді.

Алматы, NEGE. Ғани Сәдібековтің ісі бойынша тергеудің 20 айға созылғанын, істе қарама-қайшылықтар табылып, сотқа жетпей отырғанын Nege.kz бұған дейін жазған болатын. Время газеті мен Nege.kz материалдары жарық көргеннен кейін іс тергеушілерден бірден сотқа жіберіліп отыр.

Тақырыпқа орай: Ғани Сәдібеков: Жемқорлыққа қарсы күрескерлер өз қателігін мойындауды білмейді

Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиев бұрынғы энергетика вице-министрлері. Ғани Сәдібеков соттың шешімімен 2018 жылдың наурыз айында қамауға алынса, Жақсалиев 2018 жылдың маусым айында үйқамаққа жабылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оларды Қарасу көлін тазалау жұмыстары кезінде мемлекет қаржысын қолды қылды деген күдікпен 2 жылға жуық уақыт тергеуге алды.

 

Сәдібеков, «Время» газетіне берген сұхбатында, 2017 жылы Энергетика министрлігінің Шортанды-Бурабай курорт аймағындағы Қарасу көлін тазалаумен айналысатын компанияға 3,6 млрд теңге төлегенін айтқан. Бірақ, оның айтуынша, жемқорлыққа қарсы агенттік осы ақшаны жымқырды деп жария етсе де, нақты сомасын ешкім атап көрсете алмады. Өйткені қылмыстық іс ашылғанға дейін ешқандай тексеру, немесе аудит жүргізілген емес. Бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгерткен кезде сот осы жағдайды назарға алған.

 

Қазір Сәдібековке «ақша жымқырудың күрделі схемасын ойлап тапты», ал Жақсалиевке «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылған.  

Тегтер: