Энергетика министрлігі елде бензин бағасы күрт өспейтінін мәлімдеді
Өткен аптада әлеуметтік желіде бензин бағасы күрт өсетіні туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратқа Энергетика министрлігі түсініктеме берді.
Астана, NEGE. Тараған мәліметке сәйкес, 2025 жылғы 21 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысы өтіп, онда қатысушылар мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы келісімге келген. Келісім 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне еніп, содан кейін Қазақстанда жанармай бағасы ЕАЭО-ға мүше басқа елдердегідей болады деген ақпарат айтылған.
«Қазіргі уақытта елімізде АИ-92 маркалы бензин бағасын көтеруге жарияланған мораторий күшінде. Бұл шара инфляция деңгейін тежеу мақсатында енгізілген. Жанар-жағармай бағасының күрт өсуі күтілмейді, жағдай мемлекет тарапынан тұрақты бақылауда», – деп түсіндірді энергетика министрінің кеңесшісі, министрліктің ресми өкілі Әсел Серікбаева.
Оның мәлімдеуінше, 2027 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру үдерісі кезең-кезеңімен іске асырылмақ.
«Мұнда бағаны өзге мемлекеттермен бір мезетте және автоматты түрде теңестіру емес, заңнаманы үйлестіру мәселесі қаралуда. Кез келген интеграциялық үдерістерде басты басымдық Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына беріледі», – дейді министрлік өкілі.
Ол объективті нарықтық факторларды да ескеру қажет екенін айтады.
Оның сөзінше, көршілес мемлекеттермен жағар-жағармай бағасындағы елеулі айырмашылық арзан отынның елден заңсыз шығарылуына, яғни «сұр» экспорт тәуекелдерінің артуына әкеп соқтырады. Бұл ішкі нарықта жасанды тапшылық қаупін тудырады.
«Сонымен қатар қазіргі төмен баға деңгейі инвестиция тарту мүмкіндіктерін шектейді. Ал саланы дамыту үшін Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтуге, сондай-ақ жаңа, төртінші мұнай өңдеу зауытын салуға қаржы қажет», – дейді Әсел Серікбаева.
Мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық баға белгілеуге көшу үдерісі біртіндеп іске асырылады. Министрлік өкілі барлық шешім нақты экономикалық жағдай мен халықтың табыс деңгейін ескере отырып қабылданатынын, тұтынушылар үшін бағаның тосыннан күрт өсуіне жол берілмейтінін атап өтті.