Енді үй кезегіне қоюмен әкімдер айналыспайды

Енді Мәжілістің қарауында жатқан заң жобасы қабылданса, қазақстандықтарды үй кезегіне қоюмен әкімдік айналыспайды.

Алматы, NEGE. – Отбасы банкінің базасында «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарлануда, ол санаттарға тиесілігіне қарамастан, республика аумағында тұрғын үйі жоқ барлық мұқтаждарды орталықтандырылған түрде есепке алуды жүзеге асыратын болады, - деді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев. 

«Отбасы банкі» ұлттық даму институты болып қайта құрылады. Бірақ аты өзгермейді. Оның базасында «тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» пайда болады. Яғни енді атында үйі жоқ азаматтар сол жерге барады. Жаңа құрылым тұрғын үйге мұқтаж барлық адамды орталықтандырылған жүйеде есепке алумен айналысады. Сөйтіп жұрт бір терезе қағидасымен бір жерден-ақ кезекке тұрады. Әкімдікпен ісі болмайды. Қазір баспанаға мұқтаж адамдар тек алты санат бойынша пәтер ала алады. Алдағы уақытта «көпбалалы отбасы», «жетім» деп бөлмей-ақ, үйі жоқтың бәрін кезекке қоюға мүмкіндік жасалмақ. Әрі ең бастысы біреу біреудің алдын орап кетпейді. Баспана қатаң түрде ретпен беріледі.