Енді Naiza турнирлері онлайн көрсетіледі
Отандық ММА промоушендерінің бірі Naiza сәуірден бастап турнирлерін онлайн көрсететін болды.
Алматы, NEGE. Себебін Naiza лигасының президенті Нұрбек Қарабала былай деп түсіндірді.
«Бүгінде Алматыда түрлі бағытта өтетін іс-шаралар өте көп. Naiza-ның Almaty Arena спорттық кешенінде өткен 3 ивентін сараптай келе, алматылық көрермендер айына 2 ретті былай қойғанда, ай сайынғы турнирлерге келуге дайын емес екенін түсіндік. Тіпті, көрермендер тарапынан ондай қажеттілік жоқ. Ол үшін алдымен спорттық шараларға бару мәдениетін бірте-бірте қалыптастыру керек. Біз бұл бағытта аянбай еңбек етіп келеміз.
Қазақстандағы ММА-ның дамуы ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосуда – жастарды жұмыспен қамту, спортта жаңа мамандықтарды ашу және дамыту 5Q философиясы аясында (интеллектуалды, эмоционалды, физикалық, рухани, цифрлық даму) жүзеге асады: катмендер, матчмейкерлер, ММА төрешілері, ММА жекпе-жегінің комментаторлары, спорттық шоулардың продюсері мен режиссерлері, контент жасаушылар, спорт менеджерлері және т.б. дайындап жатырмыз. Бұған дейін де айтып жүргенімдей, біз жаңа жұмыс орындарын ұсынамыз, жастардың жауынгер ретінде ғана емес, спорт менеджері ретінде де білім алуына және кәсіби өсуіне мүмкіндік жасаймыз. Біз бұл саланы әрі қарай сапалы дамытуға мүдделіміз, сондықтан онлайн іс-шаралар санын көбейту керек деген шешімге келдік. Ал көрермендердің қатысуымен тоқсанда бір рет офлайн ивент өткізуге тырысамыз.
Бiрiншiден, Naiza-ның жауынгерлер ростері өсіп, ондағы жауынгерлердің жартысынан көбі – сен тұр, мен атайын деген жігіттер. Олар әлемдік деңгейде өнер көрсете алады. Кардты құру барысында негізгі жекпе-жекке шығатын файтерлердің арасында таңдау жасау оңай емес. Мысалы, Айжігіт Еркебайұлы, Магомед Қабардиев немесе Әліби Ыдырыс арасында таңдау жасау қиын. Олардың бәрі тең, бәрі күшті. Ал мұндай мықты жігіттерге бір кард жасау жеткіліксіз. Біз әр кардты бөліп, шоу жасаған абзалырақ деп шештік. Сәуірде 2 ивент өтеді деп жоспарлап отырмыз. Сәуірдің 1-і күні көрермендер Naiza TV арнасында тікелей эфир арқылы 38-ші ивентті тамашаласа, сәуір айының ортасында 39-шы турнирді көрсетуді жоспарлап отырмыз.
Екіншіден, көрермен бір кеште 18 жекпе-жекті көруге дайын емес. Бұл ауыр. Ең көп дегенде 10 жекпе-жекті бірінен соң бірін мазасы қашпай қарай алады. Қолымыздағы аналитикаға сүйенсек, 10 жекпе-жекті көру кезінде көрермен кардтағы әр жауныгерді танып, кімнің төбелескенін ұмытпайды және әр жекпе-жекке көңілі толады», – деді Naiza президенті Нұрбек Қарабала.