Енді Олимпиадаға «артық» адамдар жіберілмейді: Қазақстанда спорт делегацияларының саны шектелмек

Бұған дейін Қазақстанда спорттан ұлттық делегация құрамын жасақтау кезінде бір спортшыға қанша жаттықтырушы, дәрігер, массажист, психолог, штаб өкілі және ресми тұлға бекітілетінін реттейтін нақты ереже болмаған. 

Ұлттық олимпиадалық комитет

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Жоғары аудиторлық палата хабарлады.

Палата өкілдері 2020 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарына дайындалуға бөлінген бюджет қаражатының игерілуіне аудит жүргізген кезде шығындардың қаншалықты тиімді жұмсалғанын анықтай алмаған. Өйткені спортшыларға ілесіп жүретін персоналдың саны әр жағдайда жеке айқындалып келген, бірыңғай ереже қолданылмаған.

Палата аудитінен кейін Туризм және спорт министрлігі жарыстарда қазақстандық спортшыларға ілесіп жүретін делегациялар құрамын реттейтін норматив бекітті.

«Аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата бейінді министрлікке кешенді спорттық іс-шараларға, оның ішінде Олимпиада ойындарына, Азия ойындарына және басқа да ірі жарыстарға баратын спортшылар санына шаққанда жаттықтырушылар, клиникалық-ғылыми топ, штаб өкілдері мен ресми тұлғалардың оңтайлы сандық арақатынасын белгілеуді тапсырды», – делінген хабарламада.

Енді делегация құрамы нақты белгіленген арақатынас негізінде жасақталады. Ең алдымен спортшылармен тікелей жұмыс істейтін жаттықтырушы және медицина мамандарына басымдық беріледі. Палата өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл шығындарды алдын ала жоспарлауға және олардың негізділігін тексеруге мүмкіндік береді.