9 декабря 2025 г. 13:17

Енді көшелерге тек бекітілген тарихи тұлғалардың есімдері беріледі

Фото: kp.kz

Енді Қазақстанда көшелерге тек бекітілген тарихи тұлғалардың есімдері мен дәстүрлі топонимдердің атаулары беріледі. 

Астана, NEGE. Көшелерге берілетін атаулар енді тек арнайы тізім бойынша ғана жүзеге асырылады. Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеп жатқан тізімге тарихи тұлғалар мен дәстүрлі топонимдер енгізу көзделген. Бұл тізбекті әкімдіктер әр екі жыл сайын жаңартып отырмақ.

Ведомствоның мәлімдеуінше, бұған дейін кей нысандарға жүйесіз атаулар қойылып, тұрғындар арасында түсініспеушілік пен дау туындаған. Жаңа бастама бұндай кикілжіңге жол бермейді. 

«Бұрын жергілікті жерде көптеген жүйесіз атаулар болды. Тұрғындар олардың мәні мен мағынасын түсінбеді, көшелерге кімнің атын беру керектігі жөнінде дау-дамайлар орын алды. Мемлекет басшысы осы саланы жүйелеу және Республикалық ономастикалық комиссияның аясында жүргізу бойынша тапсырма берді. Сол себепті тарихи тұлғалардың тізімі жасалып, енді тек осы адамдардың есімдері ғана беріледі. Егер тізімде болмаса, атау берілмейді», – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Жалпы министрлік ғалымдармен бірлесе тарихи атаулар тізімін жасақтауды жалғастыруда. Бүгінге дейін атауы жоқ көшелерге тарихи тұлғалардың есімдері беріліп, қайталанатын атауларды өзгерту жоспарланған.