19 декабря 2025 г. 9:21

Еңбек министрлігі аппаратының марқұм экс-басшысына үкім шықты

Фото: primeminister.kz

Алматы қаласы Алмалы аудандық соты Еңбек министрлігі аппаратының бұрынғы басшысы Аида Құрманғалиева мен оның қарамағында болған тұлғаларға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Kursiv.

Астана, NEGE. Айыпталушылардың барлығы Қылмыстық кодекстің аса ірі көлемде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу бабы бойынша сотталды.

Сот үкімімен «Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ-ның бір департамент директоры ғана бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Сот шешім бойынша:

  • Еңбек министрлігі аппаратының бұрынғы басшысы (ол бұл қызметті 2021-2022 жылдары атқарған) және «Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ басқарма төрағасы Аида Құрманғалиева кінәлі деп танылды, бірақ оның қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылды;
  • «Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Уәлихан Қалиевтің пробациялық бақылаумен 7 жылға бас бостандығы шектелді;
  • «Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ Өңірлерді дамыту және тұтынушыларға қызмет көрсету департаментінің бұрынғы директоры Асхат Мұхамедовке рақымшылықты ескере отырып, 6 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды;
  • Жанар Жұбаниязова сыбайласы ретінде рақымшылықты ескере отырып, 5 жыл 8 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды;
  • Андрей Джексембаев сыбайласы ретінде рақымшылықты ескере отырып, 5 жыл 8 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды;
  • Джахангер Нұркешов сыбайлаы ретінде рақымшылықты ескере отырып, 5 жыл 8 ай шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ сот Жанар Жұбаниязоваға тиесілі 11 пәтерге, автотұрақтарға, қоймаларға, банк депозитіндегі 73 мың доллар мен 67 миллион теңгеге, сондай-ақ Mercedes-Benz GLE450 4MATIC, Tesla Model Y, Lexus RX 350 және Hyundai Tucson көліктеріне салынған тыйымды алып тастады.

Сондай-ақ Андрей Джексембаев пен оның жұбайының мүлкіне салынған тыйым да алынды: банктегі 31 миллион теңге, пәтерлері, жер телімдері, Toyota FJ CRUISER және Toyota LAND CRUISER 300 көліктері.

Ал марқұм Аида Құрманғалиеваның үйіне ғана тыйым салынған.

Кімнің жәбірленуші ретінде танылғаны, кімнің қаражаты жымқырылғаны және қанша көлемде екені сол күйі белгісіз болып қалды.

Тегтер: