Еңбек Ері Ерванд Ильинский: Қазақстан альпинизміне жаңа серпін керек

Әлемдегі ең биік Эверест шыңына шығып, «Жеті шың» клубына мүше болған алғашқы қазақстандық альпинист Ерванд Ильинский жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алды.

Ақорда

Елімізде альпинизм мектебінің негізін қалаған біртуар тұлғадан талай альпинист-спортшылар тәлім алды. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы 8 мың метрден асатын барлық 14 шыңды бағындырды.

Алайда Ерванд Ильинский жүзден астам спорт шеберін тәрбиелегеніне қарамастан, бүгінде альпинизм құлдырап, жастардың тарапынан қызығушылық аса жоғары еместігін және инфрақұрылым мен жеткілікті қолдау жоқтығын айтып отыр.

– Ерванд мырза, жақында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алдыңыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі альпинизмдегі жетістіктеріңізді, ел спортының дамуына қосқан елеулі үлесіңіз бен белсенді қоғамдық қызметіңізді атап өтті. Сіз үшін бұл марапат ақталған еңбектің белгісі болар…

Ақорда

– Альпинистер туралы көп айтыла бермейді, себебі альпинизм – кез келген адам айналысатын спорт түрі емес. Маған берілген марапат бұл барша қазақстандық альпинистердің еңбегін мойындау деп білемін.

Алғашқы буын альпинистерге құрмет көрсетілгенімен осы саланы жалғастыратын жас буынға қатысты алаңдаушылық бар. Білуімше, елімізде альпинизм саласында қысқартулар болып жатыр. Альпинизм бойынша бас бапкер қызметін қысқартты. Өңірлердегі бас бапкерлер де қысқартылды. Қазір альпинистер саны мүлде азайып барады. Күрделі мәселелерді шешу үшін адам тапшы. Ашығын айтқанда, альпинизм біртіндеп құлдырап бара жатыр. Орталық және жергілікті билік тарапынан альпинистер мен тау туризміне жағдай жасалуы керек еді... Сала даму үшін қаржы бөлініп, тиісті инфрақұрылым керек. Ол – бөлек әңгіме.

Бүгінде балалар арасындағы құзға өрмелеу, жастар альпинизмі ерікті түрде жиналған қаражаттың арқасында ғана өмір сүріп отыр. Ал мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді бұлай шешу мүмкін емес. Өз қаражатына жастар секциясын, балалардың құзға өрмелеу үйірмесін ұстап отырғандар бар. Балалар құзға өрмелеумен бес жастан бастап айналысады. Ал енді бес жасар баладан іс-шара өткізуге немесе сапарға шығуға ақша сұрау қаншалық дұрыс?!

Альпинизм үшін барлық жағдай жасалуы керек. Сондықтан осы салаға Үкімет тарапынан, жауапты министрлік тарапынан тиісті көңіл бөлінсе де деген үміт бар.

– Қаншама жыл өміріңізді осы салаға арнадыңыз. Тауға шығу үлкен жауапкершілік екенін қашан түсіндіңіз?

– Жауапкершілік альпинизммен айналыса бастағаннан кейін біртіндеп келеді. 1962 жылы алғаш рет ресми түрде альпинизмге келіп, арнайы төсбелгі алдым. Содан бері осы іспен әлі күнге дейін сүйіспеншілікпен айналысып келемін.

Жас адамға бір нәрсе ұнаса және қызықса ол сонымен шұғылдана бастайды, түсінуге тырысады. Менде де дәл солай болды.

– Сіз түрлі елдерде болдыңыз. Барлық континенттегі ең биік жеті шыңға шықтыңыз. Табиғат пен тау туризмін дамытудың озық үлгісі қайда деп ойлайсыз? Тау туризмін экожүйеге зиян келтірмей дамытуға бола ма?

– Меніңше, Альпі тауларында, әсіресе Францияда деп айтар едім. Өйткені Францияда альпинизм тарихы шамамен 250 жыл бұрын бастау алады. Ал бізде бұл саланың негізі қаланғанына 80-100 жыл ғана болды. Сондықтан олар тау кластерін дамыту, табиғат пен адамның өзара байланысы, экология мәселесін әлдеқайда терең зерттеген.

Бірнеше жыл бұрын Финляндияға шаңғы тебу үшін бардым. Қазақстанда тау шаңғы базалары дұрыс дамымай отыр. Бағасы да қымбат. Кейде Финляндияға барып келген арзанға түседі. Ал оларда бәрі өте қарапайым әрі мәдениетті ұйымдастырылған.

– Сонда инфрақұрылымды альпинизм мәдениетін дамытудың бір бөлігі деуге бола ма?

– Әрине. Шыңға шығу мәдениеті жаттығу мен білім арқылы қалыптасады. Альпинизмді қауіпті спорт, онымен айналыспау керек, себебі адам өліп кетуі мүмкін деп жатады. Альпинизм Францияда пайда болды. Танымал француз альпинист дәл осылай сұрақ қойылғанда: «Қауіпсіздігімнің негізі – жоғары деңгейдегі техникам» деп жауап берген екен. Яғни адам жақсы дайындықпен барса, онда оған қауіп төне қоймайды.

Елімізде бапкерлерді қысқартпай, керісінше санын көбейтсек, олардың қызметін кеңейтсек, альпинизм әлдеқайда қауіпсіз спортқа айналар еді.

– Алматы тау кластерін дамыту жобасы туралы естіген боларсыз. Тәжірибелі альпинист ретінде бұл жобаның маңызын қалай бағалайсыз? Инфрақұрылымды дамыту мен табиғатты қорғау арасында тепе-теңдікті қалай сақтауға болады?

Бұл – өте маңызды мәселе. Тау табиғатын қорғаумен және оны зерттеумен айналыспау қылмыспен тең. Орманға қарау, сирек өсімдіктерді анықтау, жануарларды қорғау – мұның бәрі қатар жүруге тиіс. «Көк-Жайлау» тау курорты – бұрыннан бар жоба. Оның қалай пайда болғанын айтып берейін.

Мен әлі күнге дейін «Армия орталық спорт клубында» жұмыс істеймін. Ол жерде альпинизм жақсы дамыған әрі тау шаңғысы да мықты болды. 1970-жылдары бірде тау шаңғысынан аға бапкер Анатолий Кирьянов маған келіп: «Бұтақты шатқалында жаңа трасса салғым келеді, барып көрейік», – деді. Бардық. Қарасам, өте тік, тар, шамамен 5-10 метр болатын трасса. Сонда мен оған мұндай қауіпті трасса Грузияда бар екенін айтып, ол жерде жаттығып көрмесе де дәл сондай трассаны осында жасағалы отырғандарын айттым. Оларға тау шаңғы трассасын жасауға болатын жерді көрсетемін деп Көк-Жайлауға апардым. Ол жерді көргенде таң қалып: «Мұнда бір уақытта 10 мың адам шаңғы тебе алады» деді. Сол жерден Үлкен Алматы шатқалына қарай түсетін кең, қарлы аңғарлар бар. Нағыз шаңғы базасын салуға таптырмас орын.

Бұл идеяны кейін Альпинизм федерациясында талқылап, жоба жоғары деңгейге дейін жетті. Тіпті сол кезде-ақ Көк-Жайлаудан Шымбұлаққа, Т1-ге және басқа бағыттарға аспалы жолдар салу, оларды өзара байланыстыру ұсынылған болатын. Басшылық та қолдады. Бірақ кейін қоғамда шу болып, «қар барысы бар» деген себептермен жоба тоқтап қалды.

Кейінірек Александр Гужавин бастаған мамандар жобаны зерттеп, қардың мөлшеріне дейін есептеп, толық құжат дайындады. Бірақ ол да аяқсыз қалды. Жалпы, мұндай жобаларға таудан хабары бар, табиғатқа жаны ашитын адамдардың басқарғаны дұрыс деп ойлаймын.

– Сонда таудағы инфрақұрылым қауіпсіздік пен білім берудің құралы бола ала ма? Кейде тауға туристер дайындықсыз шығып, өзіне де, табиғатқа да қауіп төндіріп жатады.

– Елімізде альпинистік лагерьлер, альпинизм мектептері, тау шаңғы базалары бар. Мұнда адамдар тауға қауіпсіз шығу, қауіпсіз сырғанау жолдарын үйренеді. Тауда адам сауығады, себебі оттегі тапшы болғанда адамның өкпесінің кеңінен жұмыс істеуіне жағдай туады.

Мен тауға өз бетіммен шыға бастадым. Содан кейін ғана альпинизмге келдім. Альпинимзге дайындық кітаптары бар. Қазір ешкімді тыңдамай, ештеңе білмей шығып кететіндер өте көп. Жастар топ-тобымен тауға шығады. 50-70 адам болып жүреді. Бірақ қайда бара жатқанын білмейді. «Жетекшілерің қайда?» деп сұрасаң, бірі алда, бірі артта дейді. Бұл, әрине, адамдар үшін де, экология үшін де қауіпті. Білімі жоқ адам жаттықтырушымен барса, онда ол таудағы қандай гүлді ұстауға болмайтынын білер еді.

Тау бөктерінде салынатын жаңа жоба дегеніміз – табиғатты құрту емес, ол қауіпсіздік деп білу қажет. Яғни, инфрақұрылым дамып, қауіпсіз жолдар, маршруттар пайда болады. Бұдан бөлек, жаңадан бой көтеретін тау курорттарында адамдарға арнайы альпинистік жаттығулар өткізетін орталықтар ашу міндеттелуі қажет.

Ақорда

– Салауатты ұрпақты қалай тәрбиелейміз?

– «Дені сау ұлт» деген ұлттық жоба бар. Ұлтты қозғалыс арқылы сауықтырамыз. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін дұрыс өмір салтын ұстану керек. «Қозғалыс – өмір» дейді ғой. Демек, спортпен айналысу қажет. Қозғалыстың түрі көп: біреу тау шаңғысымен айналысса, біреу жаяу жүреді, ал енді бірі велосипед тебеді.

Таумен өмірім тығыз байланысты. Сондықтан, осы төңіректегі барлық мәселелерді назарда ұстаймын. Білуімше, Көк-Жайлау шатқалында жүзеге асатын жоба аясында балаларға Еуропа елдеріндегідей «тегін шаңғы тебу сабақтары» ашылады. Бұл өте дұрыс.

Спорт мектептерін көбейтіп, бапкерлер санын арттыру керек. Адам өмірі оқумен, жұмыс істеумен, жаттығумен және демалыспен өтеді. Осының бәрі жүйелі түрде ұйымдастырылуға тиіс. Бұл – мемлекеттің де міндеті, өйткені халық саны өсіп келеді. Егер осының бәрі дұрыс жолға қойылса, онда «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы жүзеге асады. Сонда Қазақстан азаматтарының өмір сүру жасының ұзақтығы да артады.

Қазір оқып жатыр

Чернобыль ликвидаторларының жәрдемақысы өспейді: Министр кесіп жауап берді

Алматы жұрты Мұхтар Шахановпен қоштасты

Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге қашан жететіні беймәлім

Жағалаудағы құрылыс кезінде 170 млн теңге жымқырған: Көкшетауда шенеунік сотталды