13 февраля 2026 г. 19:54

«Еңбек демалысын алған»: Жақсылық Омардың ұсталғаны рас па?

Фото: Жақсылық Омар/Instagram

Әлеуметтік желілерде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар ұсталды деген ақпарат тарады. 

Астана, NEGE. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі бұл мәліметті растамады, бірақ оны жоққа да шығармады.

«Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде аталған лауазымды тұлғаға қатысты қандай да бір ақпарат жоқ. Интернетте тараған мәлімет ресми дереккөздер арқылы расталмаған. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, ол денсаулығына байланысты уақытша еңбек демалысына шыққан», – деп хабарлады баспасөз қызметі.

ШҚО әкімінің бірінші орынбасары әдетте әлеуметтік желілерде белсенді. Алайда Instagram парақшасындағы соңғы жазба екі күн бұрын жарияланған. Ұсталды деген ақпарат тарағанына бірнеше сағат өтсе де, ол бұл қауесетке әлі жауап берген жоқ.

Айта кетейік, Жақсылық Омар 2018–2024 жылдары Өскемен қаласының әкімі болды. Ал 2025 жылдың сәуір айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді.