Ең көп табыс алып келген фильмдер
Өткен жылы жарыққа шыққан су жаңа шетелдік фильмдер үлкен экранға жол тартып, көрермендер арасында жоғары сұранысқа ие болды. Ендеше, әлемдік көрсеткіш бойынша кассалық түсімі жағынан ең көп табыс жинаған үздік туындыларды ұсынамыз.
«Avengers: Endgame / Мстители: Финал» картинасының кассалық түсімі 2 миллиард 700 миллион долларды құраған. Бұл нағыз рекордтық көрсеткіш. Аталмыш картинаның соңғы бөлімін киносүйер қауым ұзақ күтті. «Marvel» компаниясына 2.8 миллиард долларға жуық қаржы түсірген туынды кино әлемінде алғаш рет 10 жылдан кейін «Аватар» фильмінің орнын басып, жаңа рекорд орнатты.
«The Lion King / Король Лев» туындысының әлем бойынша кассалық түсімі 1 миллиард 656 миллионға жеткен. Өзіндік сюжет пен компьютерлік графиканың арқасында көпшіліктің назарын аударған кино тың форматта түсірілген. Оқиға желісі бойынша, әкесінен айырылған кішкентай арыстан есейген шағында дұшпандарымен бетпе-бет күресуге келеді.
«Spider-Man: Far From Home / Человек-паук: Вдали от дома» кино туындысы 1 миллиард 131 миллион долларды қанжығасына байлады. Көрерменнің сүйікті кейіпкеріне айналған өрмекші адам, көпшілікті ізгілікке баулып, рухани дамуға ықпал етеді. Кассалық түсіміне айтарлықтай қаржы түскен туынды кино тарихында Питер Паркер туралы түсірілген, әрі сәтті шыққан бірден-бір фильм болып саналады.
«Captain Marvel / Капитан Марвел» кино картинасының кассалық түсімі 1 миллиард 128 миллион долларды құрады. Марвелдің бірінші шығарылымында басты қаһарман ер емес, әйел адам болған. Қаһармандықтың асқан үлгісін көрсеткен кейіпкер ерлар қауымын айтарлықтай басып озады. Айта кетейік, мультфильмдегі басты қаһарман Кэрол Дэнверс туралы баяндалатын туынды өз кезегінде 1 миллард долларға жуық қаржы жинап, үздіктер қатарынан табылған еді.
«Toy Story 4 / История игрушек 4» туындысының түсімі 1 миллиард 73 миллион доллар жинады. Аталмыш фильмнің қай бөлімі болсын өз көрермендерін тауып, жоғары бағасын алып үлгерді. Pixar киностудиясы мен Уолт Дисней компаниясының бірлескен жұмысы нәтижесінде үлкен экранға шыққан туынды сұраныста болары сөзсіз.
Тізімді толықтыратын «Fast & Furious Presents: Hobbs & Shaw / Форсаж: Хоббс и Шоу» фильмі де кассалық түсімі ең көп туындылар қатарынынан орын алды. Детективті жанрды арқау еткен туынды Хоббс пен Шоу есімді жандардың бастан кешкен оқиғасын баяндайды.
«Ne zha / Нэчжа» картинасы да рекордтық көрсеткіш орнатқан үздік туындылардың бірі. Ерекше келбеті мен қабілетіне байланысты туған ауылынан қуылған бала туралы баяндайтын туынды 3D форматында жасалған.
«Joker / Джокер» фильмінің кассалық табысы 1 миллиард 55 миллион долларды құрайды. Готэм-сити қалашығындағы Артур Флек есімді сайқымазақ туралы картина көпшіліктің махаббатына бөлене қоймады. Басты кейіпкер түрлі жетістіктерді иеленгенімен, өзінің тұрақты көрерменін таппады. Фильмнің кассалық түсімі таңғалыс тудыратыны жасырын емес. Кім білсін, бәлкім, фильмге «Джокер» атауы сәттілік сыйлаған болар.
«Aladdin / Аладдин» фильмінің әлемдік көрсеткіш бойынша табысы 1 миллиард 50 миллион доллар. Түрлі түсті бояумен көрсетілген мульфильмді кинокартина ретінде шығару режиссерлерге айтарлықтай салмақ артқан. Ғаламтор қолданушылар арасында 92 пайызының көңілінен шыққан картина балаларды армандай білуге, мақсатқа ұмтылуға жетелейді. Гай Ричи режиссерлік еткен картина өткен жылдың көктемінде үлкен экранға шықты. Нәтижесінде аталмыш туынды үздіктер қатарын толтырды.