Ең қымбат көлік апатының кейіпкері «шығынды өтемеймін!» деп отыр
Инстаграмда kris_p_brothers_official деген парақшада 25 қарашада Алматы қалалық әкімдігінің қарсы бетінде бес бірдей қымбат көлікті соғып, бір адамның жарақат алуымен аяқталған Porsche Panamera Turbo көлігінің иесі Темірлан Нұрланұлы Арон дейтін «бай баласы бағылан» жайлы жаңа дерек шықты. Аталмыш парақшаның жазуынша, бірнеше отбасыны бір сәтте шығынға батырған Темірлан өзі қаусатқан көліктерді жөндеп беруден бас тартып жатқан көрінеді.
Алматы, NEGE. Әлеуметтік желіде «ең қымбат көлік апаты» деп қызу талқыға түскен бұл жол апатында Темірлан тізгіндеген Porsche Panamera көлігінен басқа, Lexus LX570, Mersedes Benz S500L, Mersedes Benz C250, Tesla Tmx мәшинелері де зардап шеккен еді. Осы оқиғаны анықтамақ ниетпен Nege.kz интернет порталы Медеу аудандық полиция бөліміне ресми сұрау жолдап, аудандық полиция бөлімі әкімшілік тәжірибе полициясының бөлім бастығы, полиция майоры А.Бегматовтан төмендегідей жауап алды.
«25.11.2019 ж. Сағат 22.55 минут шамасында 2001 жылы туылған Темірлан Нұрланұлы Арон Porsche Panamera көлігінің рөліне ие бола алмай қалып, жол жиегінде тұрған Lexus LX570, Mersedes Benz S500L, Mersedes Benz C250, Tesla Tmx маркалы көліктерімен соқтығысқан. Нәтижесінде, Mersedes Benz S500L көлігінің жүргізушісі 1986 жылы туылған Әбілхасов Мейірхан Сейдахметұлы кеудесінен соққы алып, емханаға жеткізілді. Аталмыш азамат дәрігерлік тексерістен кейін үйіне қайтарылды. Бұл жол-көлік қақтығысына қатысты әкімшілік іс Алматы қаласының ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотына 610 бап, 2 тармағы бойынша жөнелтілді».
Сот Темірлан Аронды 9 айға көлік жүргізу құқығынан айырып, жаппай көлік қақтығысына, жол ережесін өрескел бұзғаны үшін кінәлі деп таныған. Алайда, инстаграмдағы ақпаратқа сенсек, Темірлан өзге қымбат көліктерді жөндеп беруден бас тартып, «қолдарыңнан келгенді істеп алыңдар!» деп отырған көрінеді. Әуелгіде жол апаты болған күні барлық қираған мәшинелердің иелеріне ресми бағалау шарасынан кейін, барлық көлікті жөндетіп беремін деп уәде еткен екен. Енді міне, болары болып, бояуы сіңіген соң, өзі жасаған қылмысын мойынтамақ тұрғай, зардап шегушілерді тыңдағысы да келмейтін түрі бар.
Әлеуметтік желіде шырылдап, әділеттілікті талап етушілердің айтуынша, Темірлан Нұрланұлы Аронның әкесі прокуратурада қызмет еткен шенді кісі деседі...