26 мая 2025 г. 13:42

Эммануэль Макронды әйелі шапалақпен тартып жіберді (видео)

Фото: ғаламтордан

Франция президенті Эммануэль Макронның Вьетнамға сапары кезінде қызық жағдай болды.

Алматы, NEGE. Франция президентінің ұшағы Вьетнамға қонып, түсейін деп жатқан сәтте Эммануэль Макронды әйелі Брижит Макрон шапалақпен тартып жіберген. Бұл сәтті журналистер түсіріп алған. 

Кадрларда Брижиттің ұшақ есігі ашылған кезде Макронның бетінен шапалақпен тартып жібергені көрінеді. Оқиғадан кейін президент әйеліне қолын ұсынады, бірақ ол Макронның көмегінсіз ұшақ баспалдағынан түседі. 

Француздық BFM RMC басылымының хабарлауынша, Елисей сарайы видеоны растаған. 

Ал президенттің жақын досы ерлі-зайыптылар арасындағы болмашы «жанжалдың» камераға түсіп қалғанын айтты. 

«Бұл – президент пен жұбайының сапар басталар алдында аздап әзілдескен сәті болды», – деді ол.