26 января 2026 г. 12:58

«Емі жоқ»: Денсаулық сақтау министрлігі Нипах вирусы туралы ескертті

Фото: Pixabay.com

Үндістанда Нипах вирусының таралу қаупіне байланысты 100 адам карантинге алынды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында бұл вирусты жұқтыру немесе оны шетелден әкелу жағдайлары тіркелмегенін хабарлады. Дегенмен сақтық шарасы ретінде мемлекеттік шекарадағы барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді.

Астана, NEGE. Нипах вирусы жануарлардан адамға жұғатын инфекцияларға жатады. Ол көбіне жарқанаттар мен шошқалар арқылы таралады. Сонымен қатар вирус жұқтырған адаммен жақын қарым-қатынас кезінде, сондай-ақ ластанған тағамдар мен сусындар арқылы да берілуі мүмкін.

Ауру белгілері ретінде дене қызуының көтерілуі, бас ауруы және жалпы әлсіздік байқалады. Ауыр жағдайларда орталық жүйке жүйесі зақымданып, өкпенің қабынуы дамуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Нипах вирусына қарсы арнайы ем де, бекітілген вакцина да жоқ. Дәрігерлер тек ауру белгілерін жеңілдетуге бағытталған көмек көрсетеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты және толық бақылауда.

Алдын алу мақсатында Үндістаннан және ауру тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдерінен келген азаматтарға ерекше бақылау жүргізіледі. Қолайсыз эпидемиологиялық жағдайдағы елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады.

Министрлік медициналық ұйымдардың инфекцияны сырттан әкелу қаупіне дайын екенін мәлімдеді. Емдеу мекемелерінде дәрі-дәрмектердің, жеке қорғаныс құралдарының және дезинфекциялау құралдарының жеткілікті қоры бар.

Мамандар эндемиялық елдерге баруды жоспарлап отырған азаматтарға жеке сақтық шараларын сақтауды ұсынады. Шетелден оралғаннан кейін ауру белгілері байқалса, барған елін көрсете отырып, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.