Елші Чжан Сяо атышулы мақала жайында не дейді?
Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо жуырда жария болған «Қазақстан неліктен Қытайға оралуды аңсайды?» атты атышулы мақалаға қатысты пікір білдірді.
«Мынаған басымдық бергім келеді. Жуырда Қытайдың тәуелсіз контентінде жария болған мақала ешбір ресми орындардың көзқарасын танытпайды. Алайда, бұл жағдай қазіргі таңда ғаламтордың жалған, лас, әрі әрқилы өсек-аяң ақпараттарға толып кеткенін айшықтап берді. Сондай-ақ, екі елдің қарым-қатынасына кері ықпалын тигізетін мұндай дүниелерді жоюда қос тарап та белсенді шаралар қабылдау қажеттігін ұқтырды», – дейді елші.
Сонымен қатар, ол ҚР СІМ-нің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев мырзамен кездесу барысында, «Қазақстан-Қытай достастығының ғасырдан-ғасырға жалғастығының кепілі ретінде тарих оқулықтарының мазмұнына ерекше мән беру керек екеніне, жас ұрпақты тарихтың шынайы көзқарасы негізінде тәрбиелеудің аса маңызды екеніне» тоқталғанын айтқан.
Бұл үзінді Қытайдың «Глобал Таймс» газеті мен порталының Қытай елшісімен жүргізген эксклюзивті сұхбатынан алынып, аударылып отыр. Бұдан бөлек, Қытайдың әлеуметтік желілерінде аталған мақалаға орай Қазақстанның Қытайға наразылық нотасын жолдау әрекетін сынға алды.
«Қазақстан түймедейді түйедей етті. Бұл аталған елдің дипломатиясының жетілмегенін білдіреді. Жекелеген қолданушылардың пікірі тұтас бір елдің көзқарасын танытпайды. Интернет – ашық платформа. Сол себепті әркімнің аузына қақпақ болу мүмкін емес», – дейді қытайлық қолданушылар.
Олардың пікірінше, шетелдерде Қытайды қаралаған мақалалар ресми сайттардың бас беттерінде толып тұр. Қазақстанда да аз емес. Сол сияқты Қазақстанға қара күйе жаққан мақалалар Батыста да бар. «Шағымшыл болса, оларға неге қарсылық білдірмейді?» дейді наразылық нотасына наразылығын білдірген бір қытай порталы. Қытайдың бұл жазбасы 510 мыңнан аса қаралып, көптеген пікірлер жазылған.
Айта кететін жайт, өткен аптада Қытайдык sohu.com сайтында жария болған «Қазақстан неліктен Қытайға оралуды аңсайды» мақаласы сайттан алынды.
Соңғы уақытта Қытай елшісін шақырып, наразылықтарын білдіріп жатқандар елдер аз емес. Мысалы, жуырда «қараларды» ренжітті деп африкалықтар да шағым түсірген.
Десе де, рухымызға қол сұғып жатса, ешкімнің бей-жай қарап отыра алмасы анық. Ұлтаралық араздық тудыратын бұл мақаланы кім жазса да, сол үшін тиісті жазасын алуы тиіс. Қытай билігі сөзінің дәлелі ретінде бұл жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Ал Қазақстанның бұған қатысты Қытай билігіне наразылық нотасын жолдағаны дұрыс болды. Әрі дер кезінде әрекет етті. Бұл жолы үнсіз отырсақ, келешекте тағы біреулердің қитұрқы әрекет жасамасына кім кепіл?!
Ертай Нүсіпжанов