Елордадағы Бас мешіт енді «Нұрсұлтан мешіті» деп аталады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Республикалық Бас мешітке «Нұрсұлтан мешіті»атауы ресми түрде берілгенін хабарлады.
Астана, NEGE. ҚМДБ мәліметінше, жаңа атау бұдан былай ресми қолданысқа енгізіледі.
Діни басқарма Республикалық Бас мешіттің елорданың ғана емес, бүкіл Қазақстан мұсылмандарының ортақ рухани ордасы екенін атап өтті. Сондай-ақ мешіттің халық бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді дәріптеуге, ізгілік пен мейірімділік құндылықтарын насихаттауға және дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтауға қызмет ете беретіні айтылды.
Еске салайық, Республикалық Бас мешіттің іргетасын 2019 жылы, президенттік өкілеттігінің аяқталуына бір күн қалғанда, сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қалаған болатын. Ал мешіт 2022 жылы салтанатты түрде ашылды.