Елордада қар күреу жұмысы тиімсіз жүріп жатыр
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин елордадағы толассыз қарды тазарту бойынша кеңес берді.
Алматы, NEGE. «Алдыңғы күні Нұр-Сұлтанда ауа райы жылынып, жауын-шашын болды. Салдарынан қаланың көптеген аудандарын су басты. Сондықтан, елорда әкімдігі қарды сыртқа шығару жұмыстарын белсенді жүргізуі керек. Әкімдік бірнеше жылдан бері жүзеге асырып жатқан дренажды (жерасты су арналары) жүйесін, жауын суы ағатын кәріз құбырларын тексеруі керек. Бұл тексеруді біз жүргізе алмаймыз. Енді уақыт көрсетеді. Әкімдік қаражат алып, өз бағдарламаларын іске асыруда», – деді Ю. Ильин Мәжілісте журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан аумағындағы қарды шығару жұмыстары тиімсіз жүріп жатыр. «Әрине, оның объективті себептері бар, үш есе көп қар түсті, техника мен адамдар шаршады. Бірақ, кей аумақтарда коммуналды қызметтердің жұмысын дұрыс ұйымдастырмау секілді субъективті салдар да бар. Ақпанда да қар жауады. Біресе жылымық, біресе аяз болғаннан қар кристалданып, ылғалы мен массасы артады. Қазір ең алдымен адам көп баратын нысандар мен үйлердің шатырын тазалау керек. Жеке сектор тұрғындары да өз ауласын тазартуы керек. Басқа іргелес аумақтарды тазартумен коммуналды қызметтер айналысады», – деді Ю. Ильин.
Бұған қала әкімі Көлгінов не дер екен? Әкімнің осы қыстағы жұмысы қар тазалау болса да, еңбегі көрінбей жатқан сияқты ма, қалай?